Әлем жаңалықтары: Лос-Анджелестегі өрт, Ливандағы жаңа президент және Трамп тағы да таңғалдырды

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

©AP

Путин дайын, Трамп ше?

АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді. Дегенмен Трамп екі көшбасшы арасындағы ықтимал келіссөздердің қашан болатынын нақты айтқан жоқ.

Президент Путиннің менімен кездескісі келеді және біз бұл істі ұйымдастырамыз. Ол тіпті бұл туралы көпшілік алдында айтты, біз Украинадағы қанды қақтығысты тоқтатуымыз қажет, - деді Трамп.

©Getty Images/Maxar

Өрттен ажал құшқандар артты

АҚШ-тағы Лос-Анджелес аймағындағы екі алапат орман өрт кем дегенде 10 адамның өмірін қиды. Сондай-ақ 10 мыңнан астам үй мен басқа да құрылымдарды өртеніп кетті, деп жазады АР.

Жергілікті медициналық сарапшының айтуынша, қаза болған адамдардың мәйттері әлі де анықталып жатыр. Сондай-ақ олардың туыстарын хабарлау және іздеу жұмысы да жалғасуда.

Өрт сөндіру бөлімінің мәліметі бойынша, Лос-Анджелес тарихындағы ең алапат өрттен Пасифик-Палисейдс жағалауында екі адам қаза тапты. Тағы бес адам Пасаденаның солтүстік-шығыс маңындағы екінші ірі өртте ажал құшты. Құрғақ әрі желді ауа райына байланысты екі өртті де әзріге сөндіру мүмкін болмай жатыр. Голливуд жоталарындағы өрт тек авиацияның көмегімен сөндірілді.

Үкімет әзірге келтірілген шығын мен қанша құрылыстың өртенгені туралы нақты мәліметтер жариялаған жоқ. Ауа райы мен оның әсері туралы деректер ұсынатын AccuWeather компаниясы экономикалық шығынды 135-150 миллиард долларға есептеп отыр.

Қазіргі кезде кем дегенде 180 мың адам эвакуацияланып, өрт шамамен 117 шаршы шақырымды шарпыды.

©Getty Images

Израиль-ХАМАС қақтығысы

Израиль-ХАМАС қақтығысында 46 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, деп хабарлады Газа денсаулық сақтау министрлігі.

Министрлік 46 006 палестиналықтың қаза тапқанын және 109 378 жараланғанын хабарлады. Қайтыс болғандардың жартысынан көбі әйелдер мен балалар екені айтылып, қаншасы әскери немесе бейбіт тұрғын екені айтылмайды.

Израиль әскері 17 мыңнан астам содырды өлтіргенін мәлімдесе де, еш дәлел ұсынбай отыр. Олардың айтуынша, әскер бейбіт тұрғындарға зиян келтірмеуге тырысып жатыр, алайда содырлар адамдар тұратын жерлерге тығылып отыр. Сондықтан бар кінәні ХАМАС-қа артып отыр.

Дегенмен соңғы апталарда Израиль мен ХАМАС қақтығысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімге жақындай түскендей болды . АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің айтуынша, осы аптада келісімдер «өте жақын».

©Ақорда

Армения Еуропаға жақындай түсті

Армения үкіметі азаматтық бастамамен ұсынылған "Арменияның Еуропалық одаққа кіру процесін бастау туралы" заң жобасы бойынша оң қорытынды шығарды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян ЕО-ның Оңтүстік Кавказ мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Магдалена Грономен кездесу кезінде айтты.

Никол Пашинян 2023 жылдың күзінде Еуропарламентте сөйлеген сөзінде "Армения Республикасы Еуропалық Одаққа мүмкіндігінше жақын болуға дайын" деп баса айтты. 

Пашинянның айтуынша, бұл құжат "Арменияның Еуропалық Одаққа мүше болғанын білдірмейді. Мұндай мәселе бойынша шешім тек референдумда қабылдануы мүмкін.

©Bilal Hussein/AP Photo/picture alliance

Ливан президентті сайлады

Ливан парламенті елдің президенті ретінде әскердің бас қолбасшысы Джозеф Аунды сайлады. Сарапшылардың айтуынша, ол Ливанның барлық дерлік саяси күштеріне, соның ішінде "Хезболлаға" сәйкес келеді.

Al Jazeera хабарлағандай, екінші турда парламенттегі 128 депутаттың 99-ының қолдауына ие болды. Айта кетейік, сол күні өткен бірінші турда Аун тек 71 "иә" деген дауыс жинаған еді.

Еске салсақ, Ливандағы президенттік қызмет екі жылдан астам уақыт бойы бос болған еді. Көпжылға созылған экономикалық дағдарыс пен Израильмен жақында болған соғыстан әлсіреген ел үшін қазір билік вакуумын толтыру бұрынғыдан да маңызды.

Ливандағы күрделі қоғамдық басқару жүйесіне сәйкес, президент қызметін маронит-христиан атқаруы керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы