Әлем кубогі: Колмаков фристайл-могулдан күміс жүлдегер атанды

Отандасымыз 78,72 ұпаймен күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы базасында фристайлдан Әлем Кубогының финалдық кезеңі жалауын көтерді. 20 елден жиналған 60 жуық спортшы могул, параллельді могул және шаңғы акробатикасы сайыстарының жүлделерін сарапқа салуда. Бүгін могул бәсекесі өтті. Қазақстанның намысын әйелдер арасында Аяулым Әмренова, ерлер арасында Павел Колмаков пен Антон Бондарев қорғады.   

Әмренова финалға дейін жетіп, 66,76 ұпаймен 12-орынды иеленді. 

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қар жұмсақ, ауа райы керемет. Аздаған қателіктер болды, шеберлікті шыңдау керек. Ертең параллельді могулда өнер көрсетемін. Жекелей сайыстан ерекшеліктері бар. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Мұнда кілең мықтылар жиналған. Бірақ олар да қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан мүмкіндікті мүлт жібермеу керек, - деді Шығыс Қазақстан облысының 21 жасар өкілі.

Ал әйелдердің бәсекесінде 2018 жылғы Олимпиада жеңімпазы, 4 дүркін әлем чемпионы – француз спортшысы Перрин Лаффон топ жарды. Күміс және қола жүлделерді америкалықтар Джелин Кауф пен Тесс Джонсон иеленді.     

Ерлер арасында Антон Бондарев іріктеу кезеңінен әрі аса алмады. Ал Павел Колмаков гранд-финалда медальдар үшін таласқан 6 үміткердің арасында болды. Нәтижесінде отандасымыз 78,72 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. 

Өте қуаныштымын. Маусым бойы мақсат болған жүлдеге жеттім. Әрине, біраз қателіктер жібердім. Дегенмен, медальға қол жеткіздім. Қазақстан үшін бұл керемет көрсеткіш. Ертең паралельді могулға да қатысамын. Тағы бір жүлде алуға тырысамын. Сосын жоспар бойынша Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, одан кейін демалып, келесі маусымға дайындаламын, - деді Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы.   

Ал Әлем Кубогінің финалдық кезеңінде 2018 жылғы Олимпиада жеңімпазы, екі Олимпиаданың күміс жүлдегері, 8-дүркін әлем чемпионы канадалық Микаэль Кингсбери (85,67 ұпай) жеңіске жетті. Үздік үштікті Пхенчхан Олимпиадасының күміс жүлдегері австралиялық Мэт Грэм (78,42 ұпай) түйіндеді.    

Ертең параллельді могул жарысының жүлделері сарапқа салынады. Еліміздің намысын Павел Колмаков, Антон Бондарев және Аяулым Әмренова қорғайды. Әлем Кубогының финалдық кезеңі 19 наурыз күні шаңғы акробатикасы сайысымен аяқталады. Бұл сында Қазақстанның атынан Жанбота Алдабергенова, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов өнер көрсетеді.  

Сонымен қатар Алматыда маусым үздіктері анықталып, жалпы есептің жеңімпаздарына «Хрустальді глобус» табысталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Астана қаласы спорт басқармасы
Өзгелердің жаңалығы