Әлем кубогі. Қоржында бір күміс, бір қола бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Канаданың Калгари қаласында фристайл-могулдан кезекті әлем кубогі аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары екі медальға ие болды.

2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Юлия Галышева күміс жүлдемен көзге түсті. Қазақстандық спортшы бірінші кезеңде үздік алтылыққа еніп, финалға шықты. Жарыстың шешуші кезеңінде 2019 жылғы әлем чемпионы 80,69 ұпай жинады. Бұл оның екінші сатыға көтерілуіне сеп болды.

Аталған жарыста әйелдер арасында бірінші орынға франциялық Перрин Лаффон (81,22) ие болса, үздік үштікті канадалық Жюстин Дюфор-Лапаунт (79,94) қорытындылады.  

Өз кезегінде Дмитрий Рейхард бірінші кезеңде бесінші орыннан көрінді. Ал финалдық кезеңде нәтижесін жақсартып, үздік үштік қатарына енді Жарыс нәтижесі бойынша Дмитрий 84,19 ұпай жинап, ел қоржынына қола жүлдені салды. Канадалық Микаэль Кингсбери (89,09) алтыннан алқа тақса, швециялық Уолтер Уолберг (85,10) күміске иелік етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы