Әлем көмірден бас тартуға әлі дайын емес – сарапшылар
Қазақстан көмір тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр.
Әлемдік экономикада көмірдің маңызы әлі де жоғары болып отыр. Сарапшылардың мәліметінше, өнеркәсіп пен энергетика салаларының басым бөлігі көмірге тәуелді күйінде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылы Қытайда көмір тұтыну көлемі 92,24 эксаджоульге жеткен, дейді EconomyKZ сарапшылары. Бұл көрсеткіш Үндістанмен салыстырғанда шамамен төрт есе, ал АҚШ-пен салыстырғанда он еседен астам жоғары. Осылайша, әлемдегі ең ірі экономикалар көмірге деген жаһандық сұраныстың негізгі бөлігін қалыптастыруды жалғастырып келеді.
Қазақстан көмір тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Елде көмірді пайдалану көлемі 1,57 эксаджоульді құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Германия, Австралия және Польша сияқты елдерді басып озған.
Мамандар мұны ел экономикасының құрылымымен байланыстырады. Қазақстанда көмір электр энергиясын өндіруде, металлургияда және тау-кен өнеркәсібінде негізгі ресурстардың бірі болып қала береді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңартылатын энергия көздеріне белсенді инвестиция салып жатқан мемлекеттердің өзі көмірден бірден бас тарта алмай отыр. Мәселен, Қытай күн электр станцияларын салу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болғанымен, көмір тұтынудан да алдыңғы орында. Осындай жағдай Үндістанда және бірқатар дамыған елдерде байқалады.
Сондықтан энергетикалық трансформация көмірге деген қажеттілікті толық жоймайды. Өнеркәсіп экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші болып тұрған кезде көмір жаһандық энергетикалық теңгерімнің маңызды бөлігі болып қала бермек.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі кезеңдегі басты міндет – көмірден кез келген жолмен бас тарту емес, энергетикалық жүйені біртіндеп жаңғыртып, тиімді әрі сенімді энергия көздерін дамыту.