Әлем халқының 39% артық салмақтың зардабын тартып отыр
2035 жылға қарай әрбір екінші адам бұл проблемамен бетпе-бет келуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мамандар зерттеуінің нәтижесі осындай. Әсіресе Жаңа Зеландиядағы жағдай алаңдатарлық. Көрсеткіштің көшін бастап тұрған елде семіздікпен күресу үшін бірнеше жоба қолға алынған. Алайда бұл бастамаларды тұрғындар толық қолдап отырған жоқ.
Жақында жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсетіп отырғандай, Жаңа Зеландияда әрбір үшінші ересек тұрғын семіздікке шалдыққан. Балалардың жағдайы да мәз емес. Кәмелетке толмағандардың 13 процентінде артық салмағы бар. Былтыр ол көрсеткіш 10 процент болатын. Демек толық тұрғындар саны артып барады. Сол себепті жергілікті әуе компания жолаушыларының салмағын өлшейтін болды.
Жолаушылардың салмағына қатысты деректер компьютердің серверінде сақталады. Оны басқа ешкім көрмейді. Сондықтан зерттеуге қатысушылар алаңдамаса болады. Өлшенгеннен кейін компьютер экранында сіздің ересек не бала екеніңіз туралы ақпарат ғана көрініп тұрады, - дейді Air New Zealand компаниясының өкілі Аластер Джеймс.
Бұл тәжірибе ретінде енгізіліп отырған жоба. Ол 5 аптаға жалғасады. Зерттеуге 10 мың адам қатысуы тиіс. Оларды ешкім мәжбүрлемейді. Бәрі ерікті түрде жасалады. Басты мақсат – жолаушылардың орташа салмағы мен ұшақтың жүктемесін анықтау. Біреулер зертеуді қолдаса, басқалары теріс пікір білдіріп жатыр.
Бірнеше жыл бұрын Жаңа Зеландияда артық салмағы үшін шетелдік азаматтың визасы ұзартылмай қойған еді. Билік мұны денсаулығына қатысты қиындықтар туындау қаупі артады деп түсіндірген. Расымен, 2017-жылғы зерттеу бойынша, семіздік кісі өліміне әкелетін факторлардың бестігіне кірген. Артық салмақ бойынша биыл жария етілген рейтингте Тынық мұхитындағы Науру республикасы бірінші орынға шыққан. Мұнда тұрғындардың 89 проценті семіздікке шалдыққан. Ал толық адамдардың үлесі ең төмен мемлекет деп Вьетнам танылған.