Әлем елдеріндегі коронавирусқа қатысты жағдай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемде коронавирус жұқтырғандар қатары 100 млн 800 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соңғы тәулікте 590 мың адам індетке шалдыққан. Вирус, әсіресе, Латын Америкасы мен Еуропа елдерінде дендеп барады. Тіркелген науқастар саны күрт артқан соң жергілікті билік қатаң шектеу шараларын енгізе бастады.
Испанияда бір күнде анықталған науқастар саны 40 мыңнан асты. Елдің денсаулық сақтау министрлігі пандемия басталғалы 2,5 млн-нан астам адам коронавирусқа шалдыққанын айтады. Мамандар «Ұлыбританияда шыққан вирустың жаңа штамы лезде тарап кетуі мүмкін» деп дабыл қағады. Енді аурудың қайта өршуіне байланысты жергілікті билік карантин талаптарын күшейтті. Мадридте коменданттық сағат жарияланды. Шаһар көшелеріндегі карантиндік тәртіпті дрондар мен тәртіп сақшылары қадағалап жүр. Галисия ауданында халық тек отбасы мүшелерімен ғана қарым-қатынас жасай алады. Аймақтағы көптеген кәсіпорындар 3 аптаға жабылды.
Аурудың үшінші толқыны басталуы мүмкін. Эпиджағдайды дереу бақылауға алу керек. Қазір ауруханаларда бос орын тапшы. Жансақтау бөлімдері де науқастарға лық толы. Елдің денсаулық сақтау саласына ауыр тиіп отыр. Ұлыбританияда шыққан вирустың жаңа штамы Испанияда да тіркеліп жатыр. Сондықтан ел тұрғындарына екпе егіліп жатса да босаңсымағаны жөн, – дейді Көмек көрсету қызметінің басшысы Фернандо Симон.Ұлыбританияда COVID-19-ға қатысты карантиндік шектеулер наурыз айының 8-іне дейін ұзартылды. Бұл туралы жуырда Борис Джонсон хабарлады. Студенттер мен оқушылар тағы 6 апта бойы қашықтан білім алады. Тұманды Альбион тұрғындары белгілі бір себепсіз уақытша ел аумағынан шыға алмайды. Ал Ұлыбританияға келген кез келген азамат 10 күн бойы қонақүйде оқшаулануы тиіс. Премьер-министрдің айтуынша, әлеуметтік және экономикалық шектеу шаралары жағдай оңалғаннан бастап жеңілдей бастайды.
Коронавирустың жаңа штамы табылған 22 елден келген жолаушылар Ұлыбритания аумағына кіре алмайды. Олардың арасында Оңтүстік Африка Республикасы, Португалия мен Оңтүстік Америка елдері бар. Әрине мектептердің ашылғанын қарапайым халық ғана емес, Үкімет те қалайды. Алайда қазіргі жағдай бәрімізге түсінікті. Бүгінде ауруханаларда 37 мың адам COVID-19-дан емделіп жатыр. Барынша сақ болуымыз керек, – дейді Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.Ал Францияда аурудың қайта өршуіне байланысты үшінші рет локдаун жариялануы мүмкін. Бұған дейін жарияланған шектеу шаралары мен коменданттық сағат әлі де күшінде тұр. Дегемен жергілікті билік елдің денсаулық сақтау министрлігіне аймақтағы эпидахуалға дереу баға беру керек деген талап қойды. Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі: – Коменданттық сағаттың оң нәтижесін байқап отырмыз. Жақын арада карантинге қатысты кезекті шешімді мәлімдейміз. Қатаң шектеу шараларын еңгізуіміз әбден мүмкін. Норвегия билігі өз шекарасын шетел азаматтары үшін қаңтардың 29-нан бастап жабады. Ал Бельгияда тұрғындарға себепсіз сыртқа шығуға тыйым салынды.
Португалия ауруханаларында COVID-19 жұқтырған науқастарды жатқызатын орын жетпей жатыр. Медицина қызметкерлері де тапшы. Ел астанасы Лиссабонда індет жұқтырғандарды жатқызатын әскери госпитальдер салынған. Алайда оның өзі де жеткіліксіз. Енді жергілікті билік Еуроодақ елдерінен көмек сұрау мәселесін қарастырып жатыр. Португалия құрлықта тек бір мемлекетпен ғана шектескендіктен науқастарды басқа елдерге жіберу қиынға соғып тұр.
Бізде орын жетіспей жатыр. Тіпті асхананы палатаға айналдырып, қайта жабдықтауға тура келді. Онда 50 төсек қойдық. Енді далада тігілген шатырда тамақтанамыз. Одан бөлек тағы бір мәселе бар. Бұл мамандар тапшылығы. Сондықтан басқа госпитальдерден көмек сұрауға мәжбүрміз, – дейді Әскери госпиталь директоры Руи Соуза.
Перудегі жағдай да көңіл көншітпейді. Ел астанасы мен 9 ауданда ақпанның 14-не дейін қатаң карантин жарияланды. Оқушылар мен студенттер онлайн сабақ оқиды. Еуропа мен Бразилиядан келетін әуе рейстеріне шектеу қойылды.
Жаңа Зеландияның қонақүйінде карантинде отырған 3 адамнан коронаиврус індеті анықталды. Енді мамандар науқастардың қанша тұрғынмен қарым-қатынаста болғанын тексеріп жатыр. Қонақүй қызметкерлері жаппай ПТР-тест тапсыруға кірісті.