Әлем чемпионатының жүлдегері дүниеден озды
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Ләззат Бақтиярованың туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлем чемпионатының жүлдегері және бірінші Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегері, жиырма төртінші Сурдлимпиада ойындарының қола медалінің иегері Ләззат Бақтиярова мезгілсіз өмірден озды. Белгілі болғандай, осыдан бір ай бұрын әкім Ләззат Бақтияроваға пәтер кілтін табыстаған.
Біздің жерлесіміз, әлем чемпионатының жүлдегері және бірінші Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлдегері, жиырма төртінші Сурдлимпиада ойындарының қола медалінің иегері Ләззат Бақтиярованың мезгілсіз өмірден озғандығы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадық. Оның жетістіктері бәріміз үшін мызғымас рух пен жеңіске деген ерік-жігердің лайықты үлгісі бола білді. Осыдан бір ай бұрын Ләззат қарындасымызға пәтер кілтін табыстағанмын. Оның өмірге деген құштарлығы, туған қаласына деген сүйіспеншілігі зор еді. Амал нешік, ажал ғайып бойжеткен шағында Ләззат қарындасымызды ортамыздан алып кетті. Марқұмның отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын!, - деді Нұрсағатов.