Әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар топ жарды
Ақтөбе облысында тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған чемпионатқа 20 мемлекеттен, атап айтсақ, Пәкістан, Румыния, Түркменстан, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Чехия, Ауғанстан, АҚШ, Антигуа, Барбуда, Әзірбайжан, Бангладеш, Германия, Қытай, Қырғызстан, Колумбия, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Қазақстаннан белгілі спортшылар қатысты.
Чемпионатты ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс тартысты өткен. Чемпионат нәтижесінде тоғызқұмалақтың үш түрінен жеңімпаз атанғандарға І, ІІ, ІІІ орындар, сондай-ақ медальдар табысталған.
Жалпы командалық есеп бойынша чемпионатта еліміздің атынан қатысқан спортшылар бірінші орындарды иеленген. Атап айтсақ, ерлер арасында тоғызқұмалақтың классикалық түрінен І орынды қазақстандық спортшы Ғалымжан Темірбаев жеңіп алса, әйелдер арасынан Түркістан облысынан қатысқан Әсел Далиева иеленді. Блицтен ерлер арасында І орынды Әсет Қайыржанов (Батыс Қазақстан облысы) жеңіп алса, әйелдер арасынан ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова иеленді. Сонымен қатар тоғызқұмалақтың рапид түрінен І орынға отандастарымыз Әсет Қайыржанов (Батыс Қазақстан облысы) пен ЖәмилаБаилдяшова (Павлодар облысы) ие болды.
Ақтөбе облысының намысын қорғаған Гүлжанат Алдабергенова бұл жолы екі дүркін чемпион атанып отыр.
Гүлжанат бала кезінен дарынды, ол тоғызқұмалақтан он жасынан бастап түрлі жас санаттары бойынша республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып келеді. Гүлжанат — Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол биылғы жарыста 2019 жылы Анталияда өткен чемпионатта жеткен жетістігін қайталады. Сонымен қатар биыл әлем чемпионатында Гүлжанаттан бөлек ақтөбелік спортшылар өз алаңында тағы 4 медаль жеңіп алды, — дейді облыстың аға жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов.
Оның айтуынша, биылғы Әлем чемпионатында жалпы жүлде қоры 2,4 млн теңге болған.
Чемпионат әділ өтті. Ешқандай наразылық білдіргендер болған жоқ. Жалпы есеп бойынша қазақстандық ойыншылар жеңіске жетті. Біз үшін бұл — үлкен жетістік. Қалай десек те, биыл Әлем чемпионаты біздің облысымызда ұйымдастырылып отыр. Сондықтан барша спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймыз. Бұл шараны өткізуге қолдау білдірген барша азаматтарға мың алғыс, — дейді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Оның айтуынша, биыл жыл қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан Ақтөбе облысының құрамасы бірінші орынға ие болған. Сондай-ақ биыл Ақтөбе облысының дзюдо командасы соңғы 23 жылда алғаш рет жалпыкомандалық есеп бойынша ел чемпионатының жеңімпазы атанып отыр.
Біздің бұдан басқа спорт түрлерінен биыл жеткен жетістігіміз көп. Мәселен, биыл аударыспақтан ақтөбелік спортшымыз Шыңғысхан Ержанов Әлем чемпионы, қазақша күрестен Азамат Серғазин қола жүлдегер, ал Еламан Қойшыбаев әлем кубогының жеңімпазы атанды. Әділет Шалғынбекұлы белбеу күресінен Әлем чемпионы атанса, пауэрлифтингтен 75 жасқа дейінгілер арасында Қадыржан Ізғарин Әлем чемпионы болды. Бұдан бөлек, Қазақстанның ұлттық ойындарында Ақтөбе облысының құрамасы жетінші орын, республикалық ауыл жастары ойындарында жалпыкомандалық есепте бесінші орын алды. Ал «Ақтөбе» футбол клубы жуырда Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл соңғы жеті жыл ішінде жеткен біздің айқын жеңісіміз болды. Жалпы қазір жыл қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының қоржынында 730-дан астам медаль бар. Оның 18-і Қазақстан чемпионы болса, 19-ы — күміс, 36-сы — қола жүлде, сонымен қатар әртүрлі номинациядағы 187 медаліміз бар, — дейді басқарма басшысы.
Евгений Гончаров биыл Ақтөбе облысында спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 39 пайызға жеткенін айтады. Былтырғы көрсеткіш — 34 пайыз.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері Ақтөбе өңірінде жалпы саны үш мыңнан астам спорттық іс-шара өткізілген. Оған жалпы саны 371 мыңға жуық тұрғын қатысқан.
Бүгінде Ақтөбе облысында спорттың 52 түрімен айналысатын 21 мыңнан астам спортшымыз бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оларды тәрбиелейтін жаттықтырушы-педагогтар саны — 891. Жалпы өңірімізде облыс тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін салынған 1954 спорт нысаны жұмыс жасап тұр. Биыл Байғанин ауданының Жарлы және Жарқамыс ауылдарында, Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында ангар типті дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Мұғалжар ауданының орталығында жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені өз жұмысын бастады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында үстел теннисі орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда облыста 8 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олар да жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Ал келер жылы өңірде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізіледі, — дейді Е.Гончаров.
Бүгінде Ақтөбе облысында спортпен шұғылданушыларға барлық жағдай жасалған. Мәселен, өңірде жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резерв дайындау орталығы, Есет батыр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернаты, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы бар.
Келер жылдан бастап облыста бұқаралық спортты дамыту бағдарламасы аясында халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үлесін 40 пайыздан 45 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2025 жылға қарай дене шынықтыру және спортпен айналысатын азаматтардың үлесін 39 пайыздан 50 пайызға дейін көбейту,
облыста спорт нұсқаушыларының санын кезең-кезеңмен 211-ден 315 адамға дейін арттыру, 2025 жылы бұқаралық спорттық іс-шаралар санын 2000-нан 4000-ға дейін жеткізу, ауылдық округтерде орналасқан спорттық нысандарды қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Ақтөбе облысында ұлттық спорт түрлері қауымдастығының филиалы ашылатын болды. Оған облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы төрағалық етеді. Бұл туралы кеше өткен алқа жиында белгілі болды. Біз осы жиында өзіміздің басқа да бірнеше ұсынысымызды білдірген едік. Соның бастысы — жыл сайын Ақтөбе қаласының туған күнінде «Ақтөбе марафонын» өткізу туралы ұсынысымыз. Бұл шара еліміз бойынша тұңғыш рет ерекше форматта жүзеге асырылмақ. Яғни, қала күнінде облыстың барлық аудандарында бір реттік старт беру арқылы жалпы саны 20 мың тұрғынды қамтитын марафон ұйымдастырылады. Алда осы және өзге де мәселелерді шешу бойынша жұмыстанатын боламыз, — дейді басқарма басшысы.