12 Шілде 2026, 12:46 Фото: Wikipedia/Джейден Адамс

Әлем чемпионатына қатысқан 25 жастағы футболшы көз жұмды

2026 жылғы әлем чемпионатына қатысқан Джейден Адамс өз үйінен өлі күйінде табылды, оның өліміне қатысты тергеу басталды.

Оңтүстік Африка футбол қауымдастығы қайғылы хабардан есеңгіреп қалды. Оңтүстік Африка құрамасы мен «Мамелоди Сандаунз» клубының жартылай қорғаушысы Джейден Адамс 25 жасында өмірден өтті.

Soccer Laduma порталының мәліметінше, футболшы жуырда ұлттық құрама сапында FIFA әлем чемпионатына қатысып, өзін ең ірі халықаралық футбол додасында көрсетуге мүмкіндік алған.

Оның өліміне қатысты мән-жай әзірге жарияланған жоқ. Адамстың өкілдері мен қамқоршысы қайғылы хабарды растағанымен, отбасының жеке кеңістігіне құрметпен қарауды сұрады. «Мамелоди Сандаунз» клубы да әзірге жағдайға түсініктеме беруге дайын емес екенін айтып, марқұмның жақындарына қайғыны еңсеруге уақыт беруге шақырды.

Отбасының тәлімгері әрі жақын досы Брендин Джонсон футболшының туыстары ауыр күйзелісте екенін жеткізді.

Қазір бәріне өте қиын. Отбасы сөйлесуге дайын емес, оларға уақыт керек. Бұл хабар барлығымыз үшін ауыр соққы болды. Ол әлем чемпионатынан енді ғана оралған еді, ешкім мұндай жағдайды күткен жоқ. Бейсенбі күні онымен сөйлестім. Көңіл күйі жақсы болды, болашаққа жоспар құрып, турнирден кейін мансабын жалғастыруға және жаңа жетістіктерге жетуге дайындалып жүрген. Ол отбасының жанында болу мүмкіндігін әрдайым бағалайтын, – деді Джонсон.

Джейден Адамс Оңтүстік Африкадағы ең болашағы зор футболшылардың бірі саналды. Ол кәсіби мансабын «Стелленбош» клубында бастап, ойынымен көпшіліктің назарын аударды. Кейін «Мамелоди Сандаунз» сапында және ұлттық құрамада өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Жартылай қорғаушы халықаралық деңгейде де өзін танытып, әлем чемпионатына қатысып, жоғары әлеуетін көрсете білді.

Оңтүстік Африка футбол қауымдастығы Джейден Адамстың отбасына, клубына, ұлттық құрамаға және жас ойыншыға жақын болған барлық адамға көңіл айтты.