Әлем чемпионаты: Тұсаукесер рәсім, онлайн трансляция, қазақ комментаторлары

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Қатарда өтетін футолдан әлем чемпионатының тұсаукесер рәсімінің түсірілімін жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, еліміздің белгілі футболшылары, бапкерлер, қазақ спортының жұлдыздары және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.

4 жылда бір келетін, 1 айға созылатын футбол мерекесі басталды. Ол бірінші рет күздің соңғы айы мен қысқа сәйкес келіп отыр. Оның үстіне Месси мен Роналду сияқты футбол жұлдыздары үшін бұл соңғы чемпионат болуы мүмкін. Сондықтан әлем көз тіккен футбол додасынан біздің жанкүйерлер де тыс қалмайды. Футболдан әлем чемпионаты еліміздегі футболдың дамуына үлкен үлесін қосады деген ойдамыз, - деді министр.

Сонымен қатар, іс-шараға Қатардан «Qazsport» телеарнасының журналисі Ерсін Еркінұлы онлайн қосылды.   

Біз аман-есен жеттік. Қатарда ауа райы өте жақсы. Таңнан бері 35 градустай ыстық болды. Қазір жанкүйерлер де көшеге шығып, олардың шеруі басталып кетті. Біз Лусаил қаласындамыз. Осы қалада Лусаил стадионы бар. Онда әлем чемпионатының финалдық кездесуі өтеді. Жалпы Қатарда көңіл күй өте жақсы, футбол мерекесі басталып кеткен, - деді ол. 

Ал Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы болған ардагер ойыншы Давид Лория еліміз әлем чемпионатының көрермені ғана болып қоймай, қатысушысы болатынына сенім білдірді.  

Шын айтсам, кез келген футболист үшін әлем чемпионатына қатысудың өзі – мансабының жоғарғы нүктесі. Қазақстан құрамасы 23 жыл бұрын жастар арасындағы әлем чемпионатына ғана тек бір рет ұсынылды. Мен келер ұрпағымыз ересектер арасындағы футболдан әлем чемпионатын тек көрермен ретінде тамашаламай, сонда өнер көрсетіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізеді деп үміттенемін, - деді ол.     

Іс-шарада сондай-ақ әлем чемпионатының матчтарын жүргізетін комментаторлық құрам таныстырылды. 

Тікелей эфирде қазақ тілінде Есей Жеңісұлы, Ермұхамед Мәулен, Жандос Байділдә, Ерсін Ерікұлы, Уәлихан Қосанбай, Әлімжан Асқарұлы, Руслан Бақытжан, орыс тілінде Сергей Райлян, Ербол Қайыров, Дмитрий Настеренко, Виктор Кирилюк, Дінмұхаммед Төлегенов, Дидар Қадыров және Әділет Құсайынов комментаторлық етеді.

Еске салайық, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Қатарда өтетін футолдан әлем чемпионатын көрсету құқығын иеленді. Қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде, сонымен бірге qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляциядан көре алады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы