Кеше 2026, 15:25 Фото: Alejandra Leyva/AP Photo/picture alliance

Әлем чемпионаты қарсаңында Мексикада жағдай ушығып тұр

Мексиканың Халиско штатында әлемдегі ең ірі есірткі бароны Немесио Осегера Сервантестің көзі жойылды.

Мексиканың Халиско штатында әлемдегі ең ірі есірткі бароны Немесио Осегера Сервантестің көзі жойылды. Бұл операция елдегі қауіпсіздік мәселесін ғана емес, алда келе жатқан 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты мен туристік саланың тағдырын күрделі сұрақ астына қалдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Associated press-ке сілтеме жасап. 

Мексиканың Қорғаныс министрі Рикардо Тревильяның мәлімдеуінше, билік «Эль Менчо» лақап атымен танымал Немесио Осегера Сервантестің жасырынған жерін оның серіктестерінің бірі арқылы анықтаған. Атыс кезінде жараланған картель жетекшісі Мехико қаласына жетпей жатып, жолда көз жұмған.

Арнайы операциядан кейін картель мүшелері ел ішінде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, қарулы қақтығыстар тудырды.

Дүйсенбі күнгі мәліметтер бойынша, қақтығыстар кезінде 70-тен астам адам қаза тапқан. Қазір Халиско штатындағы жағдай тұрақсыз. Мектептерде сабақтар тоқтатылып, көшелерде әскерилер мен картель мүшелері арасындағы текетірес жалғасуда.

Оқиғаның зардабын ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындар мен туристік бизнес сезінуде. Тапальпа сияқты туристік қалашықтарда атыс дауысы мен тікұшақтардың гүрілінен кейін, дүкендер жабылып, тіршілік тоқтаған.

Халиско штатының орталығы – Гвадалахара 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының матчтарын қабылдауға тиіс еді. Алайда, есірткі баронының өлімінен кейін басталған картельдер арасындағы қантөгіс халықаралық доданың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіріп тұр. 

Пуэрто-Вальярта сияқты әлемдік деңгейдегі шипажайларда да  картель мүшелерінің кек алу шабуылдары мен жарылыстар орын алды.  Оклахомадан келген Стив Перкинс жексенбі күні таңертең қонақүй террасасынан қала ішіндегі жарылыстар мен қара түтінді көргенін айтады.

Мұнда көптеген америкалық қамалып қалды. Біз жыл сайын осында келіп демалдық және өзімізді жайлы сезінген едік. Бірақ енді Мексикаға оралмаймыз деп шештік, - дейді ол.

Жергілікті тұрғындар мен сарапшылардың айтуынша, басты қылмыскердің көзі жойылғанымен, мәселе шешілген жоқ. 

Керісінше, картель ішіндегі жаңа көшбасшылыққа талас пен мемлекеттік күштерге қарсы кек алу операциялары зорлық-зомбылықтың жаңа толқынын әкелуі бек мүмкін. 

Мемлекет қауіпсіздікті күшейтуі керек. Әлем бұл қантөгісті көрді, енді адамдар Мексикаға келу-келмеуін ойлайтын болды, - дейді жергілікті кәсіпкер Мариа Долорес Агирре.

Жанерке Жәкен