Әлем чемпионатында мергендеріміз қола жүлде алды

Нұр-сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Кореядан сүйінші хабар алдық. Ат үстінен садақ атудан ұйымдастырылған Әлем чемпионатының  командалық жарысында біздің үш мергеніміз қола жүлдегер атанды.

"Оңтүстік Кореяның Сокхчо қаласында ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатының 27 тамызда басталған. Еліміздің намысын Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан, Айтбек Сарыбай  есімді мергендеріміз қорғап жатыр. Биылғы Әлем чемпионатында 27 мемлекеттің жетпіске жуық мергені бақ сынауда. Қазақ елінің ұлттық құрама командасын XV Әлем чемпионатына бастап барған қос жаттықтырушының бірі, Жамбы атудан республикалық бас төреші Елдос Бадашев берген мәліметке сүйенсек, биылғы Әлем чемпионатының бәсекесінде дүниежүзі мергендері «Корей стилі», «Түрік стилі», «Массае  стилі», «Могу стилі» және «Қазақ стилі» атты бес түрлі жарыстан сынға түсуде" - дейді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі. 

Біздің мергендер – Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Бақдәулет Бабажан «Массае  стилі» бойынша өткен командалық жарыста қола жүлдені ұтып алды. 

Еске сала өтелік, дәл осы жарыс түрінен өткен жылғы Әлем чемпионатында Абзал Тулыбеков пен Елдос Бадашев бас жүлдені иеленген болатын. Бұл дегеніңіз, он бес метрлік қашықтықтан 20 сантимерлік нысананы құйғыта шапқан ат үстінен атып құлату сайысы. «Массае  стилі» бойынша өткен мергендік сайысында бас жүлдені Оңтүстік Корей, күміс жүлдені Америка спортшылары иеленді.

Бүгін ат үстінен садақ атудан XV Әлем чемпионатының соңғы күні. «Түрік стилі», «Могу стилі» және Әлем чемпионатының бағдарламасына тұңғыш қосылған «Қазақ стилі» бойынша мергендік бәсекелері  өткізілмекші. Жамбы атудың бас төрешісі біздің сұрмергендердің ертеңгі «Қазақ стилі» бойынша өтетін жарыста тағы да қомақты жүлдені иеленеді деген сенімде. Мергендерімізге біз де тілекші болайық. Қазақ спортшыларының қанжығасына XV Әлем чемпионатының бас жүлдесі байлануы бек мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы