БАҚ: Алексей Полтаранин допингке байланысты қамауға алынды

Астана, BAQ.KZ. Шаңғы жарысы бойынша Қазақстан құрамасының көшбасшысы Алексей Полтаранинді австриялық полицейлер антидопингтік ережені бұзды деген айыппен қамауға алды. Бұл туралы Vesti.kz порталы SSS.fi басылымына сілтеме жасап хабарлады.  

БАҚ мәліметінше, Полтараниннен бөлек, эстон шаңғышысы Андрус Веерпалу және австриялық Макс Хауке қамауға алынған. 

Неміс және австриялық полицейлердің халықаралық допинг желісін анықтау аясындағы акция барысында осындай әрекеттерге барғаны айтылады. Барлығы тоғыз адам ұсталған, оның ішінде бес спортшы бар. 

Сәрсенбіде, 27 ақпанда, Австрияның Зеевельд қаласында әлем біріншілігінде өнер көрсетіп жатқан Полтаранин ерлер арасында 15 шақырымдық классикалық жүріс бойынша алтын медальға таласуы керек еді. Алайда қазақстандық спортшы жарысқа қатыспады. Бейресми мәлімет бойынша, бұл жағдай қамауға алу шарасына байланысты болса керек. Австрияда допинг қолдану - қылмыстық іс. 

Алексей Полторанин - 2013 жылы өткен әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 2011 жылы Алматыда өткен Азия ойындарында төрт алтын медальдің иегері. Спортшы үш қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын қорғады - 2006 жылы Туринде, 2010 жылы Ванкуверде және 2014 жылы Сочиде. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық шаңғышының допинг дауына ілінгенін хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы