Алексей Цой: «Батырлар өз ортамызда» энциклопедиясы – бұл біздің дәрігерлерге көрсете алған аз ғана құрметіміз
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Жақсы дәрігер» атты фотокөрменің ашылу салтанаты мен «Батырлар өз ортамызда» кітабының /white book/ тұсаукесері өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне денсаулық сақтау саласының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, кәсіпкерлер, сондай-ақ мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты – қазақстандық дәрігерлер мен ақ халатты абзал жандардың мәртебесін көтеру, олардың күнделікті өмірдегі ерен еңбегінің шынайы келбетін айқындайтын суреттерді халық назарына ұсыну.
Фотокөрмеде медицина мамандарының тыныс-тіршілігі бейнеленген live форматтағы 200-ден аса фотосурет экспозицияланған.
Фотокөрмеге қойылған әр кадрдан дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің анық таңбасын көруге болады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Батырлар өз ортамызда» кітабының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тұсында тұсауы кесілуі маңызды екенін атап өтті.
Бұл еліміздің барлық медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне берілген жоғары баға. Білікті дәрігерлеріміздің өмірін тәуекелге тігіп, ел аманатын орындау мақсатында, тәулік бойы көз ілмей атқарған қызметі көрсетілген бұл энциклопедия біздің ақ халаттыларға көрсете алған тарыдай ғана құрметіміз. Жаһанды жайлаған әлемдік індетпен күресте дәл осы мамандығын абыроймен алып жүрген дәрігерлердің арқасында ғана қатерге қарсы тұра аламыз. Қазақстандық дәрігерлер пандемиямен күресте зор үлес қосты және әлі де азаматтарымыздың денсаулығына араша түсіп келеді. Олардың ерен еңбегі ұрпақ санасында ұзаққа сақталатынына сенімдімін, - деді ол.
Министр алда дәрігер мәртебесін көтеріп, медицина мамандығына деген құрметті арттыру міндеті тұрғанын айтты.
Пандемия медицина қызметкерлеріне деген қарым-қатынасты өзгертуге, дәрігерлік істің рөлін қайта саралауға әсер етті. «Батырлар өз ортамызда» энциклопедиясы – бұл қазақстандық қоғамның медицина мамандарына деген құрмет көрсету мүмкіндігі. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық медицина динамикалық даму жолына түсіп, кәсіби мамандар буынын қалыптастырды. Бүгінде олардың жетекшілігімен мыңдаған медицина маманы қызмет етіп келеді, - деді ол.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің алғы сөздерімен басталатын кітапта Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты пандемияда қызмет еткен дәрігерлердің еңбектері насихатталған.