Алексей Цой әлеуметтік желіге көбірек сенетінін байқатты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың төрағалығымен қоғамдық бақылау өкілдерімен селекторлық кеңес өтті.
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, коронавирус инфекциясы бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесіне үлкен ауыртпалық түсірді. Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірлерде еріктілер қоғамдық бақылау тобын құрып, бірнеше ай денсаулық сақтау, білім беру объектілерінің және қоғамдық орындардағы санитарлық норманың сақталуына мониторинг жүргізіп, бізге көмектесіп келеді. Сондай-ақ, өңірлік үйлестірушілер гуманитарлық жүктерді қабылдау, оны бөлуге белсенді қатысады.
383 ерікті 3 ай ішінде Қазақстанның 17 өңірінде 4 300 астам мониторингтік іс-шара өткізді. Олар гуманитарлық жүктерді қабылдауға көмектесті, адам көп жиналатын орындарда мониторинг жүргізді, санитарлық нормаларды бұзғандарға қатысты азаматтардан түскен шағымдарға жауап берді, денсаулық сақтау және білім беру объектілеріне мониторинг жасады.
Әлеуметтік желілердегі мониторинг қоғамдық бақылау еріктілері халық арасында жоғары беделге ие екенін және жұрт олардың қызметіне сенім артатынын көрсетеді, - деді А. Цой.
Сонымен қатар, бүгінде қоғамдық бақылауды үйлестірушілердің мемлекеттік орган өкілдерімен, әсіресе өңірлермен байланыста бірқатар қиындық бар. Қоғамдық, әкімдік, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен ІІД арасында нақты ортақ үйлестіру жоқ. Кейбір облыстарда жергілікті атқарушы органдармен қоғамдық бақылау тобының өзара іс-қимылы формалды түрде ғана.
Осыған байланысты біз қоғам өкілдері мен мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара ынтымақтастық пен үйлестіруді реттеуіміз қажет, - деді министр.
Кездесу барысында қатысушылар жоғарыда аталған мәселелердің шешіміне қатысты пікір алмасты, ал Денсаулық сақтау министрі өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына қоғамдық бақылау мүшелерін қолдауды және оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.