Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық паралимпиада комитеті Қазақстандық спортшылардың Бейжіңдегі ойындарға қатысуының қорытындысын шығарды.
Іс-шараға ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев және XIII қысқы Паралимпиаданың қола жүлдегері Александр Герлиц қатысты.
«4-13 наурыз аралығында Қытайда өткен XIII қысқы Паралимпиадада біздің команда бір қола медальға ие болып, 53 ел арасында командалық есепте 17-ші орынға тұрақтады. Паралимпиадада 700-ден астам спортшы спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын ойнады. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша жарысты. Паралимпиадада ел намысын 5 спортшы қорғады», - деп еске салды Самат Ерғалиев.
Оның айтуынша, министрлік паралимпиадалық қозғалысты қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, спорт түрлерін саралау ережелеріне сәйкес барлық паралимпиадалық спорт түрлері "автоматты түрде" "А" тобына және "басым" спорт түрлерінің қатарына жатады, осылайша бірінші кезекте қаржыландырылады. Бұдан басқа, спорттық нәтижелерді ескере отырып, жақын арада ұлттық құраманың жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақысын арттыру мәселесі қаралады.
Бейжіңдегі Паралимпиаданың қорытындысы бойынша спортшылар мен жаттықтырушылар мемлекеттен 131 млн.теңге алады және "Дене шынықтыру және спорт саласы туралы" заңға сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер береді.
Өз кезегінде Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, құраманың барлық жаттықтырушылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.
Айта кету керек, Александр Герлиц парабиатлонда 10 шақырым қашықтықта көрсеткен нәтижесінің арқасында үшінші орын алды. 2022 жылғы Паралимпиада қорытындысы бойынша Александр Герлицке "Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілді.