Александр Бублик Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің төртінші айналымына шықты
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда америкалық Брэндон Накашиманы жеңіп, келесі кезеңде Александр Зверевпен кездеседі.
Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Шанхайда өтіп жатқан ATP 1000 санатындағы хард турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізді.
Әлемдік рейтингте 22-орында тұрған қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингтің 19-ракеткасы, америкалық Брэндон Накашимаға қарсы ойнады.
Үш сетке созылған матчтың екеуі тай-брейкпен аяқталды. Бублик 6:7 (7:9), 6:3, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Теннисшілер кортта 2 сағат 27 минут өткізді. Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшы 22 эйс жасап, екі рет қос қателікке жол берді. Ол брейк-пойнттың жалғыз мүмкіндігін пайдаланып, өз геймдерінде бірде-бір рет жеңіліп қалған жоқ.
Төртінші айналымда Бублик әлемдік рейтингтің екінші сатысындағы және турнирдің бірінші нөмірлі спортшысы ретінде тіркелген германиялық Александр Зверевпен кездеседі.