Александр Бублик Бельгиядағы жарыстың финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 127-орында тұрған германиялық Максимилиан Мартерермен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші бірдей брейк жасап, 2:0 есебімен алға кетті. Сол басымдылықты сақтап қала алды – 6:4.

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик тағы бір брейкке қол жеткізді. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 12 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. М.Мартерер 1 эйске қол жеткізіп, 5 брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алған жоқ.

Александр Бублик финалда әлемнің 7-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципас немесе рейтингте 38-сатыдағы франциялық Артюр Фистің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы