Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев өз пікірін білдірді.

Жолдаудың Парламент сессиясының жаңа маусымының ашылуында жариялануы депутаттардың заң шығару қызметінің бағытын нақты айқындауға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жаңа саяси маусымды жаңа міндеттер, тапсырмалар күтіп тұрғанын, оларды жүзеге асыруға биліктің барлық тармақтары жауапты екендігін аңғартады. Әрбір Жолдаудың жариялануы – біздің қоғам үшін мемлекеттік деңгейдегі маңызды оқиға. Президент Жолдауында мемлекеттегі, қоғамдағы барлық қордаланған мәселелердің түйінін шешуге бас бұрғаны көрінеді. "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының орындалуын көрсетті десек болады, себебі қоғамда бұрын талқыланып жүрген мәселелер айтылды. Тиімді мемлекеттің негізі – мемлекет пен халық арасындағы сенімді қарым-қатынас екендігін көрсетті – дейді сенатор.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы өзінің нақтылығымен және мақсаттылығымен елдің алдағы жылдарға арналған даму бағытының негізгі бағыттарын дөп басты.

Менің ойымша Жолдауда маңызды бастамалар айтылды. Оның бірі Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес пен Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы шешімін алайық. Президент Үкіметтің – билік органы екенін және азаматтық сектормен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуі керектігін нақты айтты. Президент Жолдауының бір бағыты мемлекет дамуының негізі болып саналатын білім мен ғылым мәселелеріне арналғаны қуантты. Соның аясында Мемлекет басшысы "Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, сондай-ақ, "Жас ғалым" жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын", деді. Білім берудің әлеуетін арттыру, оның ішінде алдағы уақытта ұстаздардың жалақысын өсіру мәселесі де жоспарлануда. Педагогтардың жалақысын көтеру және оларға деген мемлекеттің ерекше қолдау көрсетуі білім сапасына оң әсер етері сөзсіз – дейді ол.

Сондай-ақ, сенатор Президент Жолдауында Ішкі істер саласына да көңіл бөлгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы "Ішкі істер министрлігінің құрылымын бейінді емес функциялардан босатып, қайта қарастыру қажет. Бұл осы маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады. Табиғи және техногендік апаттар дәуіріне енгенімізді ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын", – деді. Бұл орган төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою жүйесін құруды және одан әрі дамытуды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды жүзеге асыратыны сөзсіз. Біздің алдымызда көптеген ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін заңнамалық қолдау депутаттардың жаңа сессиядағы жұмысының негізгі басымдығы деуге болады – дейді Әлімжан Құртаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы