Қалдықтарды сұрыптауды насихаттағаным үшін ақша алмаймын – қоғам белсендісі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада "Қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, өмір экостилі және саналы тұтыну" шеберлік сыныбы өтті. Онда «Экоклуб» қозғалысының негізін қалаушы Әсел Қоспанова қалдықтарды сұрыптау жинаудың пайдасымен бөлісті.
Шеберлік сыныбын «Silk Way Center» бизнес орталығында жұмыс істейтіндер үшін Property Management Group БК арнайы ұйымдастырды. Бүгінде бұл бизнес орталықта 500 адам жұмыс істейді. Одан басқа күнделікті 100-200 келіп кетуші бар.
«Бүгінде еліміздегі экологиялық ахуалдың нашарлығы туралы көп айтылып жүр. Осы ретте бізде экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлесімізді қосайық деп шештік. Сол үшін кеңсені жалға алушыларға арнап кәсіби маманды тарту арқылы шеберлік сыныбын ұйымдастырдық. Арнайы маман қалдықтарды қалай сұрыптауға болатыны, оның не үшін керек екенін түсіндірді. Жалпы, бұл идеямыз жалға алушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бүгінде бізде қағаз қалдықтарды жинайтын арнайы жәшік бар, қазан айынан бастап пластмассалаларды жинайтын жәшік қоятын боламыз», - деді «Silk Way Center» бизнес орталығының әкімшісі Аягөз Сыздықова.
ҚР Энергетика министрлігінің статистикасына сүйенетін болсақ, бүгінде Қазақстанда 100 млн тонна қоқыс жиналған. Жыл сайын жиналған қоқыстың 15%-ы қайта өңделеді. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40%-ға жеткізу көзделіп отыр.
«Швейцарияда қоқыс жоқ болса, біздің елімізде экологиялық ахуал өте ауыр. Оған алысқа бармай-ақ Павлодарға апаратын тасжолға шығып, көз жеткізуге болады», - деп сөзін бастаған «Экоклуб» экоқозғалысының негізін қалаушы Әсел Қоспанова кез келген қоқыс қайта өңделе бермейтінін атап өтті.
Қоғам белсендісі кейбір заттың қайта өңделмейтінін айтты.
«Халықта барлық қалдық өңделе береді деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Мәселен, күнделікті кофе құйдырып алатын «қағаз» стақан өңделмейді, себебі ол таза қағаздан жасалмаған, ол үш қабаттан тұрады, біріншісі қағаз болса, екіншісі пластик. Бар болғаны біз ол пластикті көрмейміз. Тіпті, кішкентай брошюралар да өңделмейді. Бір қарағанда ол қағаздан жасалған, алайда, ол да қайта өңделмейді. Себебі, оның құрамында қайта өңдеуге жатпайтын химиялық зат бар», - деді Әсел Қоспанова.
Қоғам белсендісінің айтуынша, тұрмыстық қалдықтарды фракцияларға бөліп жинау керек. Мәселен, пластиктерді, қағаз қалдықтарды және тамақ қалдықтарын бөлек-бөлек жинаған дұрыс.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлық үйдің аулаларына қоқысты фракциялар бойынша бөліп салу үшін сары және жасыл түсті арнайы жәшіктер орнатылған. Жасыл жәшіктегі тамақ қалдықтарын сары түсті, ал сары түсті жәшікті ақ түсті қоқыс шығаратын көліктер алып кетеді. Жасыл жәшіктегі қоқыс қайта өңдеуге келмейді. Айта кетейік, аталған қоқыс шығаратын көліктердің жұмысы қоғам белсенділерінің жіті назарында.
«Қоқыстың шамадан тыс болмауы үшін өз-өзімізді тыя білуіміз керек. Көп мөлшерде тамақ алу, оны жеместен қоқысқа тастау салтымыз бен дінімізде ысырапшылдық деп аталады. Осы ысырапшылдықты болдырмау арқылы экологиямызды жақсарта аламыз. Бүгінде барлығы қолжетімді. Сонымен қатар, түрлі полиэтилен қаптамаларын қолданудан бас тартқан жөн. Оданда арнайы сөмкені бір рет сатып алып, күнделікті қолдана беріңіз. Ол сіздің ақшаңызды да үнемдейді. Бұдан басқа, егер сіздің жеке үйіңіз болса, онда тамақ қалдықтарына арнап арнайы шұңқыр қазып сонда көмгеніңіз дұрыс. Қайталап айтамын, тек «тамақ қалдықтарын» сонда көміңіз. Біріншіден сізден аз қоқыс шығады, екіншіден ауладағы топырағыңыздың құнарлылығы артады. Бұл әдісті біздің аталарымыз бұрыннан жасап келеді», - деді Әсел Қоспанова.
Қазір балалы болған әрбір ата-ана жөргектердің түр-түрін пайдаланады. Орта есеппен жаңа туған нәресте екі жасқа жеткенше шамамен 1 млн тонна подгузникті (арнайы құрғақ жөргек) тоздырады. Алайда, сарапшылардың пайымдауынша, бір жөргектің ыдырауына 500 жыл қажет екен...
«Кез келген жағдайда жетістікке жету үшін әр адам өзінен бастау керек. Өз басым өткен жылдың қазан айынан бастап қоқыстарды түріне қарай бөліп жинауды бастадым. Рас, жаһандану заманында біз кейбір дүниеден бас тарта алмаймыз. Мысалы, көлік, ол табиғатқа көмірқышқыл газын бөледі. Бірақ біз басқа жағынан қолдау көрсете аламыз. Осы шеберлік сыныптарын өткізу арқылы өз басым 920 мың немесе халықтың 5%-ын қалдықтарды фракциялар бойынша жинауға үйретуді көздеп отырмын. Мен шеберлік сыныптарын өктізу үшін ешқандай ақша алмаймын. Бұл менің болашақ ұрпақ алдындағы азаматтық борышым деп білемін», - деп түйіндеді қоғам белсендісі.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын экология министрі қазақстандықтарды тазалық акциясына қатысуға шақырды. Бұл акция өз қолдаушыларын тауып, елорданың маңында орналасқан Қояндыда 10 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан басқа, Нұр-Сұлтан қаласында да «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы жалғасын тапты.