Алдағы үш жылда қандай сала өседі? – Болжам

Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026–2028 жылдарға арналған еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, базалық сценарийге сәйкес, 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты өсімі 5,4%, ал үш жылдағы орташа жылдық өсім 5,3% деңгейінде болады деп күтіліп отыр.

Номиналды ЖІӨ көлемі 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден басталып, 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономикалық өсім нақты сектор мен қызмет көрсету салаларындағы белсенділік арқылы қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін артады деп болжанып отыр, - деді Жұманғарин.

Сала бойынша үш жылдық орташа өсім:

  • Тау-кен өндіру өнеркәсібі – 2,8%,
  • Ауыл шаруашылығы – 3,9%,
  • Құрылыс – 11,0%,
  • Көлік қызметтері – 10,1%,
  • Сауда – 6,7% болады деп күтіледі.

Сыртқы сауда болжамы да оң динамиканы көрсетіп отыр. Экспорт көлемі 2026 жылғы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін өссе, импорт 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға жетеді.

Инфляция деңгейі 2026 жылы – 9,0–11,0% аралығында, 2027 және 2028 жылдары – орта есеппен 6,0% деңгейінде сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы