Алдағы үш жылда несие, білім гранты мен Арысқа қанша ақша бөлінеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар аталған заң жобасын талқылау үшін бір жарым сағат үзіліс алды.

Үзілістен кейін Ұлттық экономика министрі Руслан Дəленов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары -Қаржы министрі Əлихан Смайылов пен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

"Екінші бағыт - жұмыспен қамту, аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша пəрменді шараларды кеңейту және күшейту. Бұл мақсаттарға 138,6 млрд теңге бағытталады. Оның ішінде 1,5 млрд теңге - 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған жəне көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін ЖОО-ға қосымша 5 мың білім беру грантын бөлуге, 2,4 млрд теңге - 1 қыркүйектен бастап техникалық жəне кәсіптік білім беруде жұмысшы мамандығы бойынша оқып жүрген студенттердің стипендиясын 30 процентке ұлғайтуға, бұл 122 мың оқушыны қамтиды", - деді Смайылов.

Бұған қоса, министр қысқа мерзімді кәсіптік білім беру жəне "Бастау Бизнес", "Еңбек" бағдарламаларына қаржы бөлінеді деді. Баспана мен атаулы əлеуметтік көмек мәселесін шешуге де ақша қарастырылғанын айтты.

"Үшінші бағыт - жобада Үкімет резервін 72,2 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылады. Аталған қаражаттың бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарларын жоюға бағытталады", - деді Əлихан Смайылов.

Бұған дейін Қаржы министрі кредит өтеуге кететін бюжет шығысын атаған болатын. Ол бұл қаржы 89,2 млрд теңге құрайды деген еді.

Баяндамалардан кейін сұрақ - жауап пен дауыс беру рәсімі өтті. 101 депутат заң жобасын бірауыздан қолдады.

Атап өтсек, бүгін Мәжіліс "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды əзірледі. Осылайша, өзгерістерді мақұлдады.

Еске салсақ, жуырда алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясының жұмысы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды. Премьер-министр Асқар Мамин палаталардың бірлескен отырысында "бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясы жұмысының мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын. Осы ретте, алдағы уақытта  Парламент пен Үкімет әлеуметтік маңызы үлкен шараларды қабылдауға белсенді жұмыс атқаратына сенемін" деген еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы