Алдағы күндері «QazVас» дегенді жиі кездестіретін боласыздар – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Qazcovid-in қазақстандық вакцинасы туралы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты.

Алдымен айта кетер бір жайт, Білім және ғылым министрлігі тарапынан биологиялық қауіпсіздікке қатысты ғылыми зерттеу жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдағы әлемдегі жағдайға қарамастан, бұл мәселе біз үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек. Қазақстан аумағында биологиялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын ғылыми институттар жеткілікті. Солардың бірі - Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты. Дәл осы институт Мемлекет басшысының тапсырмасына орай коронавирусқа қарсы отандық вакцина жасау жұмыстарына жедел кіріскен болатын. Ол өздеріңізге белгілі «Qazcovid-in» деген атау алды. Осы ретте аталмыш вакцинаның атауы қоғамда жеңіл жатталуы үшін «QazVас» деген атауды да қолданып жүрміз. Сондықтан алдағы күндері дәл осы «QazVас» дегенді жиі кездестіретін боласыздар, - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты коронавирусқа қарсы вакцинаны ғана емес, бұдан өзге де бірнеше вакцина жасап шығарған.

Осы ретте аталмыш институттың пандемиялық тұмауға қарсы жасап шығарған вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зертханасында апробациядан өтіп, ДДСҰ-на тіркелген еді. Институтта 200-ден астам қызметкер түрлі мәселелермен белсенді түрде жұмыс істеп келеді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы