Алдағы күндері Қазақстанда күн күрт суытып, үсік жүреді
12–14 мамыр аралығында еліміздің бірнеше өңірінде түнгі үсік сақталады.
«Қазгидромет» 12–14 мамырға арналған ауа райы болжамын жариялап, еліміздің барлық аумағында ауа температурасы төмендейтінін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, елдегі ауа райына Скандинавия жақтан келген антициклон әсер етіп отыр. Ол өзімен бірге суық ауа массаларын алып келгендіктен, бірқатар өңірде түнгі үсік сақталады.
Болжам бойынша, түнгі уақытта ауа температурасы нөлден төмен көрсеткішке солтүстік, шығыс және орталық облыстарда түседі. Ал антициклон ел аумағы арқылы жылжыған сайын, 13 мамыр күні оңтүстік-шығыс өңірлерде де үсік жүреді деп күтіліп отыр.
Синоптиктер ауа райының өзгерісін ескеруге шақырды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер мен температура төмендейтін өңір тұрғындарына сақ болған жөн екені айтылды.