Алдағы күндері магнит дауылдары күшейеді: Кімдерге сақ болған жөн?
Күн қайтадан белсенділік танытып отыр.
Кеше тіркелген ірі жарқыл алдағы күндері күн белсенділігіне әсер етуі мүмкін. Бұл метеосезімтал адамдар үшін нағыз сынаққа айналмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ gorsite.ru сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, бүгін, 17 ақпанда Жердің геомагнит фоны 4 балдан аспайды. Магнит өрісіндегі өзгерістерге сезімтал адамдар үшін мұндай күндер денсаулықтың нашарлауымен қатар жүруі мүмкін.
РҒА Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасының дерегінше, бұл күні күн желінің жылдамдығы секундына 649 шақырымға жетеді.
Магнит дауылдарының пайда болу ықтималдығы 36%, ал әлсіз қозулардың болуы 40% деп бағаланып отыр. Қалған жағдайда магнитосфера тыныш күйде сақталады. Күн белсенділігінің артуына қарамастан, солтүстік шұғыласының пайда болу ықтималдығы төмен. Жарқыл белсенділігінің индексі сарғылт аймаққа жақындап, 4,6-ны құрап отыр. Кеше мамандар Күнде үш жарқылды тіркеді, оның бірі M класына жатады.
Күшті жарқыл Жерге қалай әсер етеді
Ғалымдардың назарын Күннің сол жақ шетінде тіркелген M2.4 класындағы жарқыл аударды. Бұған дейін Күн ерекше төмен белсенділік көрсетіп келген, сондықтан мұндай оқиға жалпы көріністен бөлек тұр.
Жарқылдың көзі де қызық: ол Күннің көрінбейтін, қарсы бетінде, көкжиектен арғы жағында орналасқан. Әзірге қуатты энергияның бөлінуіне нақты не себеп болғанын айту қиын: жарқыл болған аймақ бұрын ешқандай белсенділік танытпаған, тыныш саналған, – дейді РҒА Ғарыштық зерттеулер институтының Күн астрономиясы зертханасының мамандары.
Астрофизиктердің айтуынша, мұның екі нұсқасы бар. Не бұл бір реттік құбылыс – шағын дақ энергия жинап, «жарылған», не болмаса Күнде жаңа белсенді аймақ қалыптасып жатыр.
Егер күн дақтарының жаңа тобы пайда болды деген болжам расталса, алдағы тәулікте белсенділіктің күрт артуын күтуге болады, бұл бірқатар жарқылдар түрінде көрінуі мүмкін. Бұл жағдайда фондық сәулелену деңгейі де тез өседі. Ал егер жарқыл жалғыз болса, ол еш салдарсыз өтіп, ұмытылып кетеді, – деп түсіндірді сарапшылар.
Жер үшін бұл ғарыштық құбылыс ешқандай қауіп төндірмейді. Жарқыл қаншалықты күшті болғанымен, оның салдары – плазма ағыны – Жерден басқа бағытқа қарай кеткен.
Метеосезімтал жандарға не істеу керек
Геомагнит өзгерістерге сезімтал адамдар үшін мұндай күндері өз хал-жағдайына ерекше мән берген жөн. Күн белсенділігі артқанда жүйкенің ширығуы, бас ауруы, ұйқысыздық жиі байқалады. Стресстен аулақ болып, көбірек демалуға, мүмкіндігінше физикалық жүктемені азайтуға тырысыңыз.
Ақпан мен наурыз басына арналған болжам
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, ақпанның екінші жартысы аса күшті геомагнит дауылдарсыз өтеді, бірақ толықтай тыныш болады деуге келмейді.
Күтілетін жағдай мынадай:
- 18–23 ақпан — магнитосфера негізінен тыныш, кейде қысқа мерзімді қозулар болуы мүмкін;
- 24–25 ақпан — геомагнит белсенділіктің жаңа толқыны, Kp-4 деңгейіндегі қозулар ықтимал;
- 26–28 ақпан — тұрақтану және «жасыл» аймаққа оралу;
- наурыздың басы — тыныш фон;
- 12–18 наурыз — келесі айдағы ең ұзақ қозу кезеңі.
Мамандар ұзақ мерзімді болжамның өзгеруі мүмкін екенін ескертеді, өйткені Күнде жаңа белсенді аймақтардың пайда болуы жағдайды бірнеше күн ішінде-ақ түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.