Алдағы демалыс күндері халық көп жиналатын орындарға бармауға шақырамыз – ДСМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде айтты. 

Еліміздегі бүгінгі жағдай бойынша КВИ+ нәтижесімен 142 986 науқас және КВИ- бойынша 43 974 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте коронавирусы бар 661 жағдай және  КВИ- бойынша 22 жағдай анықталған. Бүгінде республика «жасыл» аймақта. Ал, «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, «сары» аймақта жеті өңір – ШҚО, Атырау, Павлодар, Ақмола, СҚО, Қостанай облыстары және Алматы қаласы. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта. Екі апта бойы эпидемиологиялық жағдай жақсарған өңірлерде карантиндік шараларды жеңілдету мәселесі қаралады. Сырқаттанушылықтың Нұр-Сұлтанда 1,3 есе, Жамбыл облысында 1,7 есе, Атырау облысында 2,4 есе, Алматы облысында 1,5 есеге өскені байқалды, - деді ол. 
Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, тәуекелі жоғары өңірлерде күшейтілген шаралар әлі де сақталып отыр. Сонымен қатар, барлық өңірде ұжымдық мерекелерді өткізуге тыйым салынған. Роза Қожапова қазақстандықтарды алда келе жатқан демалыс және мереке күндері сақ болуға шақырды.

Құрметті қазақстандықтар, сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып,  халық көп жиналатын орындарға бармауға, ұжымдық іс-шараларды өткізбеуге және оларға қатыспауға, суық тигізіп алуға жол бермеуге, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын сақтауға, міндетті түрде маска тағу, әлеуметтік қашықтық пен жеке бас гигиенесы ережелерін сақтауға шақырамыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы