Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қант үлесі өседі - Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 

«Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр.

Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді», - деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қант саласын дамыту жоспары әзірленгенін де айтты.

«Қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленді. Оған 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция салу көзделіп отыр. Алдағы 5 жылда өзіміз өндіретін қанттың үлесі 7 пайыздан 43 пайызға дейін өседі.

Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған.

Жалпы, біз отандық агро секторды қолдау жұмыстарын одан әрі жалғастыра береміз. Соның арқасында Жетісу өңірі еліміздегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады», - деді ол.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы