Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Жалған қызметкерлер сот орындаушысы болып азаматтардан қарызды өтеуді талап ететін алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алаяқтар жаңа қызмет түріне көшкен. Сот орындаушысы болып хабарласып, борышкерлерден қарыз төлеуін талап етеді. Бұндай жағдайда қандай іс-әрекет жасау керек? Әділет министрлігінің өкілі Талғат Уәли айтып берді.

Егер сізге осындай қоңырау түссе немесе хабарлама келсе, ақпаратты Әділет министрлігінің, Республикалық немесе өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының ресми сайттарында өз бетіңізше тексеріп алуға, қажет болған жағдайда банкке қоңырау шалуды ұсынамыз. Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін интернет желісіне АІЖО ААЖ (Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі) деп жазып, «Борышкерлер мен тыйымдар тізілімі» батырмасын таңдап, тек өз ЖСН-іңізді енгізіңіз. Осыған ұқсас іздеуді «АИС ОИП» қосымшасы арқылы жүзеге асыруға болады. Егер сіз борышкер болсаңыз, онда сіздің қарызыңыз туралы ақпарат, сот орындаушысының аты-жөні және оның телефоны шығады. Егер сіз борышкер болмасаңыз, онда қызғылт сары түспен «Сұраныс бойынша ештеңе табылмады» деген жазу шығады. Бұл сіздің шоттарыңыз бен мүліктеріңізге ешкім тыйым салмағанын және сала алмайтынын білдіреді, - Талғат Уәли.

Оның айтуынша тек ресми дереккөздерге сеніп, белгісіз адамдарға деректерді бермеу керек. Сондай-ақ, қосымша ақпарат алу үшін 119 немесе 8 7172 58-00-58 нөмерлеріне хабарласуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы