Алаяқтық схемасы: Қазақстандықтар зейнетақы жинағын тіс емдеуге қалай пайдаланған?

Тіс емдеуді зейнетақы жинақтары есебінен жүргізу алты айдан кейін қайта басталады. Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемдерін тіс емдеуге пайдалану бойынша өтініш қабылдау уақытша тоқтатылатыны айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Отбасы Банк" мәлім еткендей, шектеу 2025 жылғы 15 қыркүйектен 2026 жылғы 15 сәуірге дейін қолданылады.

Тоқтатудың себебі – зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалану және өтініштерді рәсімдеу кезінде құжаттарды бұрмалау фактілерінің көптігі.

Сараптама көрсеткендей, 2025 жылдың көктемінде енгізілген ережелер алаяқтық схемаларды тоқтатпаған, тек тексеру процесін күрделендірген.

Соңғы төрт жылда enpf-otbasy.kz платформасы арқылы "стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша шамамен 800 мың транзакция жасалып, 757 млрд теңге сомасы игерілген. Оның ішінде шамамен 222 млрд теңге 20 ең ірі стоматологиялық клиникаға кеткен. Олардың жартысы Атырауда орналасқан. Кей жағдайларда келісімшарттар, дәрігерлік комиссия анықтамалары және клиникалардың лицензиялары жалған болып шыққан.

Барлық күдікті материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше стоматологиялық ұйымдарды тексеруді бастады, - деп жазылған хабарламада. 

"Отбасы Банкте" атап өткендей, 2026 жылғы сәуірге дейін мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтықты болдырмайтын және зейнетақы артықшылықтарын ашық пайдалануды қамтамасыз ететін жаңа механизм әзірленеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдету үшін пайдалану тоқтатылатыны хабарланған болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы