Алаяқтарға алданып қалғандардың несиесін кешіру ұсынылды

Жоғарғы Соттың Халықаралық кеңесінің отырысында соттарда жасанды интеллектті енгізу және интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің мүдделерін қорғаудың тиімді тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың судьялары, Сот әкімшілігінің және Сот төрелігі академиясының басшылығы оффлайн және онлайн режимінде қатысты.

Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру аясында сот қателерін азайту және күрделі істер бойынша жұмыс істеуде ресурстарды босату үшін ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және роботтандыру арқылы сот процестерін жеңілдету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қазақстандық соттарда жасанды интеллекті мен робототехниканы қолданатын бірегей IT-өнімдерін қолдану туралы айтты.

Кеңес мүшелері Оксана Качалова, Кристофер Кэмпбелл-Холт, Куртис Мастерс және Айгүл Кенжебаева соттарда ақпараттық технологияларды қолдануды жақсарту жөнінде ұсыныстар жасады.

Екінші мәселе бойынша Жоғарғы Соттың судьялары Мәдениет Омарбекова мен Баян Тоқтарова интернеттегі алаяқтыққа қатысты істердің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.

Биыл 2022 жылмен салыстырғанда мұндай азаматтық істердің өсімі 270 пайыздан асты. Алаяқтардың ықпалымен жәбірленушілер банктік және микроқаржылық несиені өздері рәсімдейді, тіпті жылжымайтын мүліктерін сатып, ақшаны белгісіз адамдарға жібереді, - делінген хабарламада.

Биылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы абыройлы азаматтар зардап шегетін алаяқтықпен және соған байланысты құқық бұзушылықтармен күресу үшін шешуші шаралар қабылдауды тапсырды.

Судьялар Қылмыстық кодексте интернет-алаяқтық құрбандарының мүдделерін қорғауға қатысты тиісті бап болмағанымен, жәбірленушілерді қорғаудың азаматтық-құқықтық әдістері бар екенін атап өтті.

Азаматтық істер бойынша соттарға талап-қоюлардың екі санаты беріледі: «дропперлерден» негізсіз баюды өндіру туралы және азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарсы талаптары. Осылайша, егер сотта оны алу негіздерін растамаған «дропперлер» деп аталатындардың шоттарына ақша түскені дәлелденсе, онда олар алынған негізсіз баюды қайтаруға міндетті, - делінген Жоғарғы Сот хабарламасында.

Биылғы жылдың басынан бері Жоғарғы Сот әзірлеген бұл практика, азаматтардың алаяқтық схемаларға қатысуын болдырмауға көмектеседі.

Жиынға қатысушылар электронды төлем құралдарын пайдалана отырып несие беру саласындағы жауапкершілікті арттыру арқылы қылмыстық заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Сондай-ақ, заңнамаға онлайн-несие беру кезінде міндетті биометриялық аутентификация және зейнеткерлер мен халықтың осал топтары үшін шектеулер туралы түзетулер ұсынылып отыр.

Жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беретін тағы бір жаңалық – несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгені сот актісімен анықталған кезде несиелік ұйымдардың қарызды есептен шығару жөніндегі заңмен бекітілген міндеттемесі болмақ, - делінген хабарламада.

Бұл норма несиелік ұйымдарды берілген несиелердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға ынталандыруы тиіс.

Халықаралық кеңес әзірлеген ұсынымдар уәкілетті органдарға жіберіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы