"Алаяқтардың схемасы пайда болды". Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға шақырды

Ұлттық Банк алаяқтық әрекет көбейгенін айтып, ескерту жасады. Олардың сөзінше, жаңа схемалар пайда болған көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қаскөйлер өзін коммуналдық қызметтің немесе ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырады. Азаматтарға қоңырау шалып, мобильді телефондағы SIM-картаның қолдану мерзімі немесе коммуналдық есептеуіш құралдың пайдалану мерзімі аяқталғанын хабарлайды. Телефонмен әңгіме кезінде азаматтарға олардың қызметін ұзартуға немесе электрондық кезекке тұруға болатынын айтады.

Әрі қарай алаяқтар ұялы телефонға келген хабарламаны өзіне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтіп қосымшаны жүктеуді немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды, я болмаса дербес деректерін хабарлауды сұрайды. Кейін телефонға қосылып алған соң қаскөйлер азаматтың қаражатын ұрлап, SIM-картаның виртуалды көшірмесін қосып алады.

Шоттағы ақшаларды қолды қылғаннан кейін алаяқтар алданған азаматтармен қайта байланысып, өздерін Ұлттық Банктің қызметкері ретінде таныстырады. Сөйтіп екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын орнатып, ақшалай немесе тауарлай кредиттер ресімдейді. Қаскөйлер өз ісінің заңдылығын растау үшін Ұлттық Банк қызметкерінің қолдан жасалған қызметтік куәлігін, Ұлттық Банктің жалған құжаттарын, ақша құралдарын сақтандыру немесе банктік аударымдар жасау үшін хаттар мен реквизиттер ұсынады. Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды қырағы болуға және күдік туғызған қоңырауларға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer сияқты қашықтан басқаратын басқа да қосымшаларды орнатпауға шақырады, - деді Ұлттық банк баспасөз қызметі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы