Алаяқтардың нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланатын жабдығы тәркіленді

Алматы қаласының құқық қорғау органдары мен байланыс операторлары арасында жасалған меморандум шеңберінде прокуратураның үйлестіруімен "Киберпол" бөлімшесінің қызметкерлері "Sim-Box" жабдығын пайдалану фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сәтбаев көшесіндегі офистердің бірінен күдіктіден 3 "Sim-Box" құрылғысы тәркіленді. Жабдық слоттарынан қазақстандық және ресейлік ұялы байланыс операторларының 80-нен астам SIM-картасы табылды. "Sim-Box" жабдығын алаяқтар жаппай қоңыраулар шалу, хабарламалар тарату және абоненттік нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланады. Аталған факті бойынша абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (ҚР ҚК-нің 213-бабы), - делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында.

Бұл соңғы айдағы осындай құрал-жабдықтардың екінші рет анықталуы. Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды қырағылық сақтауға шақырады. 

Егер сізде осындай жабдықты қолдану туралы ақпарат болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Сондай-ақ жеке деректердің құпиялылығын сақтау қажеттігін еске саламыз: кіру кодтарын, парольдерді және банк карталарының деректемелерін бөгде адамдарға бермеңіз, - делінген ақпаратта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: polisia.kz
Өзгелердің жаңалығы