Телефон алаяқтары қалай алдайды: Ең көп таралған 5 схема
Егде жастағылар неге алаяқтардың құрбанына жиі айналады.
Телефон алаяқтығы бүгінде ең кең таралған алаяқтық түрлерінің бірі болып отыр. Әсіресе, егде жастағы адамдар жиі алаяқтардың құрбанына айналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Абай облысы ПД мәліметінше, алаяқтар өзін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе коммуналдық қызмет маманы ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіреді. Олар психологиялық қысым жасап, түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Қазіргі таңда мұндай схемалар барған сайын сенімді әрі кәсіби көріне бастаған. Сондықтан алаяқтардың қалай әрекет ететінін біліп, оларды дер кезінде тани алу өте маңызды.
Кең таралған алаяқтық схемалар
«Қауіпсіз шот»: Адамға оның ақшасы қауіпте екенін айтып, жинағын «сақтап қалу» үшін арнайы шотқа аударуды сұрайды. Алайда ол шот алаяқтарға тиесілі болып шығады.
«Қосымшаны шұғыл жаңарту»: Өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, қауіпсіздік мақсатында жаңа қосымша орнатуды немесе жаңартуды талап етеді. Осы арқылы алаяқтар адамның банк шотына қол жеткізуі мүмкін.
«Коммуналдық қызмет» немесе «төлемдерді қайта есептеу»: Коммуналдық мекеме не мемлекеттік орган қызметкері болып хабарласып, тексеру немесе қызмет рәсімдеу сылтауымен SMS-кодтарды және жеке деректерді сұрайды.
«Туысыңыз қиын жағдайға түсті»: Ең эмоционалды тәсілдердің бірі. Алаяқтар жақын туысыңыз жол апатына түсті немесе қиындыққа тап болды деп айтып, шұғыл ақша аударуды талап етеді.
Жалған дауыс пен видео: Заманауи технологиялардың көмегімен туыстың немесе таныстың дауысын салып, тіпті видеосын жасап, сенімге кіреді әрі ақшаны тез аудартуға тырысады.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
• Алаяқтарға қарсы ең тиімді құрал – сабыр сақтау және ақпаратты тексеру.
• Қысымға еріп шешім қабылдамаңыз, күмәнді қоңырауды бірден тоқтатыңыз;
• Банкке немесе мемлекеттік органдарға тек ресми нөмір арқылы өзіңіз қайта хабарласыңыз;
• SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, PIN-код пен құпиясөздерді ешкімге айтпаңыз;
• Белгісіз сілтемелерге өтпеңіз және күмәнді қосымшаларды орнатпаңыз;
• Мұндай қоңыраулар туралы жақындарыңызбен ақылдасыңыз – бұл қателіктің алдын алуға көмектеседі;
• Егде жастағы туыстарыңызға алаяқтардың негізгі схемаларын түсіндіріп отырыңыз.