"Шалдарға" тұрмысқа шығып, ақшасын қолды етіп жүрген алаяққа іздеу салынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Күдікті үлкен жастағы адамдардың басын айналдырып, күйеуге тиген сыңай танытып, артынша бар жиған-тергенін алғаннан кейін, қашып кетіп отырған, деп хабарлады Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жамбыл облыстық Полиция департаменті бірқатар алаяқтық фактісіне қатысы бар деген күдікпен бұған дейін бірнеше рет сотты болған Жамбыл облысының тумасы Айгүл Ниязоваға іздеу салуда.
"Полицияның деректеріне сәйкес, ол егде жастағы жалғызбасты ер адамдардың сеніміне кіріп, олармен некеге тұрған болып, кейіннен басындағы әртүрлі проблемасын айтып, "қарызға" деп үлкен сомада ақшаны алып, "тайып" отырған. Ақшаны көбінесе туысының пәтер жалдауы үшін керек болып тұр еді немесе мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алғалы жатыр еді деген сылтаумен алған", - делінген хабарламада.
Ниязованың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкін.
"Егер осы адамды көрген-білген немесе оның тұрған жерін білетіндер болса немесе күдіктінің іс-әрекетінен зардап шеккендер болса, онда Жамбыл облыстық полиция бөлімінің мына телефондарына хабарласыңыз: 8 (7262) 43-05-22, 43-06-78, 997121 немесе 102", - деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.