Алаяқ астаналық зейнеткердің су сүзгісін ауыстырам деп 3 миллион теңгесін алып кеткен
Алаяқ астаналық зейнеткердің су сүзгісін ауыстырам деп 3 миллион теңгесін алып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне елорда тұрғыны алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағыммен хабарласқан. Жәбірленушінің айтуынша, әлдебір ер адам оны фильтр ауыстырамыз деген желеумен алдап, ақшасын иемденіп кеткен. Сөйтіп алаяқ 67 жастағы елорда тұрғынын алдаумен 3 миллионға жуық ақшасын үптеп кеткен.
Полиция бұл фактіні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді. Жедел-тергеу тобы зейнеткерді алдаған алаяқты ұстау үшін қажетті шараларды қабылдап, іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде 24 жастағы ер адамды анықтаған. Белгілі болғандай, жас жігіт дәл осылай елорданың тағы бірнеше тұрғынын алдап үлгергені белгілі болған. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды және бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді.