Алатауға ерекше мәртебе: Триллиондық жоба өзін ақтай ма?
Қазіргі таңда жалпы құны 1,8 трлн теңгеге бағаланған бірнеше инвестициялық жоба дайын.
Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, жаңа қалаға шетелдік инвестор тартылып, триллион теңгеге жуық қаржы құйылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Егер заң қабылданса, Алатау өзге қалалардан бөлек құқықтық режиммен жұмыс істеп, басқару жүйесі де өзгеше болады. Осыған байланысты депутаттарға жобаның құны, басқару моделі және оның экономикалық тиімділігі туралы сұрақтар қойылды.
Үкіметтің айтуынша, инвестор тарту үшін арнайы экономикалық жағдай, жеңілдетілген ережелер және дербес басқару жүйесі қарастырылып отыр. Қазіргі таңда жалпы құны 1,8 трлн теңгеге бағаланған бірнеше инвестициялық жоба дайын.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің сөзінше, жаңа қаланың басты мақсаты - нақты шетелдік инвесторларды тарту.
Дубай, Кореядағы осындай қалалар инвесторлар есебінен дамып отыр. Қазір қалалар бір-бірімен бәсекеге түсуде. Сондықтан бұл Қазақстанның беделін арттыратын шешім болмақ, - деді ол.
Депутат сондай-ақ бұл бағытта кешігу ел үшін тиімсіз болуы мүмкін екенін атап өтті.
Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев керісінше, жобада отандық компанияларға басымдық берілуі тиіс екенін айтты.
Алатау қаласының дамуына ең алдымен өзіміздің кәсіпорындар мүдделі болуы керек. Елімізде бәсекеге қабілетті технология жасап жатқан жастар жетерлік, - деді ол.
Қала қандай болады?
Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиевтің айтуынша, Алатау тек технологиялық емес, адамдарға барынша қолайлы қала ретінде жоспарланып отыр.
Кез-келген ғимарат кіреберістерінде баспалдақтар болмайды, жол жиектерінің биіктігі төмен болады. Және жаңа қаладағы екі қабатты ғимараттың өзінде арнайы жеделсатылар орнатылады, - дейді ол.
Депутаттың сөзінше, жаңа қаланың барлық ғимараттарында қолданылмаған шаршы метрлер болмайды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мұндай жобалар халықаралық тәжірибеде өзін ақтағанын атап өтті.
Жаңа технологиялар мен геосаяси мүмкіндіктерді пайдалану арқылы тиімді жоба жасауға болады. Егер инвесторлар келіп, өндіріс ашып, өнімді Қытай нарығына шығарсақ - бұл үлкен мүмкіндік, - деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның көршілес елдермен және АҚШ-пен қалыптасқан қарым-қатынасы да жаңа қаланың дамуына оң әсер етуі мүмкін.
Алатау қаласының басқару моделі де дәстүрлі жүйеден өзгеше болмақ. Депутаттардың айтуынша, қалада дербес басқару қағидаттары енгізіліп, инвестициялық және әкімшілік шешімдер жедел қабылданады.
Қазіргі таңда заң жобасы талқылану кезеңінде. Оның қабылдануы жаңа қаланың нақты қалай дамитынын және жобаның қаншалықты тиімді болатынын айқындайды.
Еске салайық, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының мәртебесі туралы заң қабылданды.