Алатау Smart City жобасы барлық елді мекенді қамтуы керек – депутат
Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов Алатау қаласының инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға және жасанды интеллект пен жаңа технологияны экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беріп отырғанын атап өтті.
Бұл – технологиялық жаңғыру ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Осы тұрғыдан алғанда, Алатау қаласының құрылысы ерекше мәнге ие. Президент айқындаған жаңа экономикалық модельдің нақты көрінісі болуы тиіс бұл жоба инвестиция, өндіріс, логистика және цифрлық технологияны бір жерге шоғырландырумен ғана шектелмеуі керек, – деді Жанарбек Әшімжанов.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасымен Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды.
Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі. Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс, – деді депутат.
Жанарбек Әшімжанов «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесуде қала тұрғындары өздерінің алаңдаушылығын жеткізгенін баса айтты.
Қала құрамына енген елді мекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп тұр. Цифрлық трансформацияның толық нәтижесі туралы айту да қиындау. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды, – дейді ол.
Депутаттың сөзінше, Еңбек және Жетіген елді мекенінде соңғы жылдары бірқатар мәселе шешілді. «Келешек мектеп» салынды, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды, газ желілері тартылды. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталды. Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешімін тапты.
Алайда әлі де проблемалар бар. Кей көшелерде абаттандыру аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті. Бұл – жеке ауылдардың ғана емес, Алатау қаласының жаңа моделінің қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын айқындайтын көрсеткіш, – деді Жанарбек Әшімжанов.
Ол цифрлық мемлекет құру тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес екенін айтты.
Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасақтау. Сондықтан Алатау Smart City жобасы қала орталығындағы технологиялық шешімдермен ғана шектелмей, оның электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі қала құрамына кіретін барлық елді мекендерге жетуі қажет, – деді депутат.
Осыған байланысты Жанарбек Әшімжанов Үкіметке:
1. Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді;
2. Мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуді және цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді;
3. Алатау қаласының тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұрады.