4 Қыркүйек 2026, 11:06 Фото: alatau.city

Alatau City-ге $6,9 млрд инвестиция тарту жоспарлануда

«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті және Алматы облысының прокуратурасы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат инвесторлардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Алатау қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Ынтымақтастық аясында тараптар инвесторлардың мәселелеріне жедел ден қою тетіктерін жетілдіруді, әкімшілік кедергілердің алдын алуды және инвестициялық жобаларды іске асыру барысында мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді көздейді.

Бұл бағыттың маңыздылығы Alatau City-дің инвестициялық жоспарларының ауқымымен айқындалады. Қазір қаладағы инвестициялық пул 67 жобадан тұрады. Олардың жалпы көлемі шамамен 6,9 млрд АҚШ долларын құрайды және 55 мыңға жуық жұмыс орнын құру әлеуеті бар.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы инвестициялық жоспардың мұндай ауқымында инвесторлардың сенімі мен олардың құқығын қорғаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Ауқымды инвестициялық көрсеткіштердің артында нақты инвесторлар, олардың капиталы және Қазақстанға деген сенімі тұр. Сондықтан біздің міндетіміз – туындаған мәселелерге жауап беріп қана қоймай, оларды жобаларды іске асырудың бастапқы кезеңдерінде алдын ала болдырмау. Бүгінгі Меморандум Alatau City Authority мен прокуратура органдарының мүмкіндіктерін біріктіріп, бизнестің мәселелерін жедел шешуге және инвесторларды жобалар іске асырылатын жерде тікелей қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Бауыржан Ералы.

Іс-шара барысында Комитет төрағасы комитет жұмысының негізгі бағыттары мен инвесторлардың құқығын қорғаудың қолданыстағы тетіктерін, оның ішінде инвестициялық жобалардың цифрлық мониторингі, дербес прокурор институты, прокурорлық сүзгі және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін таныстырды.

gov.kz

Айта кетейік, бүгінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті республика бойынша 3,4 мың инвестициялық жобаны сүйемелдеп, инвесторлардың құқығын қорғауда және туындайтын әкімшілік кедергілерді жоюға жәрдемдеседі.

«Alatau City Authority» арнаулы басқару ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру кезеңінде капитал тартумен қатар, инвесторлардың одан әрі қызметі үшін болжамды жағдайлар қалыптастырудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру экономикалық әлеуеттің болуымен ғана емес, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың нақты әрі ашық тетіктерінің болуымен де байланысты. Біздің міндетіміз – инвестициялық жобаларды жүйелі сүйемелдеуді, туындайтын мәселелерді уақтылы қарауды және әкімшілік кедергілерді азайтуды қамтамасыз ету. Қол қойылған Меморандум Alatau City Authority мен прокуратура органдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудың қосымша тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Меморандумға қол қою Алатау қаласында тиімді инвестициялық экожүйені қалыптастыру және инвестиция тартуға, жобаларды сүйемелдеуге әрі инвесторлардың құқығын қорғауға жауапты институттар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолындағы кезекті қадам болды.

Еске салайық, бұған дейін Бурабай мен Alatau City-де жаңа IT-қалашықтар бой көтеруі мүмкін екені хабарланды