11 Қыркүйек 2026, 22:52 Фото: alatau.city

Алатау қаласын дамытуға жасанды интеллект қолданылады

Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы ақпараттық жүйелерді әзірлеу, интеграциялау және сүйемелдеу бағыттарында технологиялық серіктес ретінде жұмыс істейді.

​Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit аясында Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы мен Alatau City Authority цифрлық технологияларды дамыту бойынша меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, тараптар Alatau City жобаларын іске асыруда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін зерделейді. Ұлттық банктің Цифрлық даму орталығы ақпараттық жүйелерді әзірлеу, интеграциялау және сүйемелдеу бағыттарында технологиялық серіктес ретінде жұмыс істейді.

Алдағы уақытта бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары мен жобалары анықталып, оларды жүзеге асыруға арналған жол картасы әзірленеді. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – SupTech платформасын Alatau City Authority қызметінде қолдану мүмкіндігін қарастыру.

Бұл жүйе деректерді талдау мен қадағалау процестеріне арналған цифрлық құралдарды біріктіреді. Саммит барысында Ұлттық банк VEON және оның құрамындағы "КаР-Тел" компаниясымен де меморандум жасасты.

Келісім аясында VEON тобына кіретін компаниялардың бірінші санаттағы төлем ұйымы лицензиясын алу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар төлем қызметтерін жетілдіру және жаңа цифрлық төлем құралдарын енгізу мәселелері талқыланады.