Alatau Hub: Алматы облысында IT-индустрияны дамытудың жаңа кезеңі
Цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Алматы облысының әкімшілік орталығы – Қонаев қаласында Alatau Hub өңірлік инновациялық орталығы ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Хабтың ашылуы аясында еліміздің ірі IT-компаниялары көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінде Alatau Hub – Astana Hub басқаруымен іске қосылған 14-өңірлік хаб. Жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамту көзделіп отыр. Әр аймақтық IT-хабта өңірлік қауымдастық менеджерлері барша ниет білдірушіге өз дағдыларын шыңдауға көмектеседі.
Алматы облысында хабтың ашылуы өңірдің IT-мамандары үшін өте маңызды оқиға. Біздің өңірлік хабтарымыз жаңа инновациялық жобалардың пайда болуын, кәсіпкерлік қызметті және технологиялық прогресті кеңейтуді ынталандыратын экожүйені құру мен дамытуда шешуші рөл атқарады. Болашақта Alatau Hub жас өршіл таланттарды тарту орталығына айналады. Сондай - ақ, бұл жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, экономиканың өсуіне және халықаралық аренада елдің бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді», - деді ЦДИАӨМ ақпараттық технологияларды дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын атап, Astana Hub тәжірибесін кеңінен масштабтау міндетін қойды.
2023 жылдан бастап өңірлік хабтарда 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, 300-ден астам стартап-идея ұсынылды. Өңірдегі 80-нен астам IT-компания технопаркіміздің қатысушылары қатарына қосылды. Сондай-ақ Google Developers Group, USAID, Digital Nomads, inDrive сияқты серіктестермен бірге аймақтық хабтарға арналған түрлі бағдарламалар іске қосылды. Атап айтқанда, вебинарлар, конкурстар, хакатондар ұйымдастырылып, Қазақстан аймақтарында геймдевті дамыту қолға алынды», - деді Аида Дусова, Astana Hub Өңірлік даму офисінің директоры.
Alatau Hub еліміздегі өзге де өңірлік инновациялық орталықтар сияқты Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламаларын таратады. Орталық митаптар, Pizza Pitch, воркшоптар, Speaker Talks, Idea Battle мен басқа да түрлі іс-шараларды өткізуге арналған басты алаңға айналады. Бұл бастамалар өңірде IT-қауымдастықтың қалыптасуы мен дамуына, өзара білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.
Өңірлерде IT-хаб ашу – технологиялық инфрақұрылымды дамыту және аймақтардағы инновациялық идеяларды қолдау бағытындағы маңызды қадам. Alatau Hub Алматы облысы IT-қауымдастығын дамыту бағытында жаңа стандарттарды белгілейді. Мұндағы мақсатымыз – технологиялық кәсіпкерлікті насихаттап, стартап мәдениетін қалыптастыру. Осылайша, өңірде IT-сала мен цифрлық білім беру шыңдала түседі», - деді өз құттықтау сөзінде Мұрат Мәдіғұлов, Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы.
Бүгінде ҚР ЦДИАӨМ бастамасымен және Astana Hub, әкімдіктер мен жеке серіктестердің қолдауымен еліміздің 14 өңірінде IT-хабтар табысты жұмыс істеп тұр: Abai IT Valley, Kyzylorda Hub, Digital Jetisu, Zhambyl Hub, Oskemen IT Hub, Jaiq Hub, Turkistan IT Hub, Qostanai IT Hub, Aqtobe IT Hub, Aqmola IT Hub, Pavlodar IT Hub, Terrikon Valley, Mangystau Hub. Сондай-ақ 2024 жылы Alatau Hub-тан басқа Атырау, Шымкент, Жезқазған, Петропавл және Жаңаөзен қалаларында IT-хабтар ашу жоспарланып отыр.