Бүгiн 2026, 08:11 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Alatau City «жасыл» технологияларды енгізетін пилоттық алаңға айналуы мүмкін

Кездесу қорытындысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растап, инвестициялық жобаларды нақты пысықтау жұмыстарын жалғастыруға келісті.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконгтың Towngas және Full Vision Capital компанияларының делегациясымен кездесу өткізіп, энергетика және инвестиция саласындағы бірлескен жобаларды талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Келіссөз барысында тараптар «жасыл» энергетиканы дамыту, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндірісі, электр энергиясын ұзақ мерзімге сақтау жүйелері және Alatau City аумағында инновациялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктеріне тоқталды.

Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергетикалық трансформация бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын айтып, халықаралық инвесторлар мен озық технологияларды тартуға басымдық берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, Alatau City арнайы құқықтық режимі бар, инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған әрі жобалар «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелденеді.

Кездесуде EnerVenue технологияларын пайдалана отырып электр энергиясын ұзақ мерзімге сақтау жүйелерін енгізу, сондай-ақ EcoCeres технологиясы негізінде тұрақты авиациялық отын өндіретін зауыт салу мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдері мен қалдықтарын қайта өңдеу бағытындағы жобалар да талқыланды.

Тараптар жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше назар аударып, Towngas Smart Energy шешімдерін, соның ішінде шатырлық күн электр станциялары мен зияткерлік энергетикалық жүйелерді енгізу мәселесін сөз етті. Осы ретте Alatau City мұндай технологияларды сынақтан өткізіп, кейін оларды еліміздің басқа өңірлеріне енгізуге мүмкіндік беретін пилоттық алаң бола алатыны айтылды.

Кездесу қорытындысында тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделі екенін растап, инвестициялық жобаларды нақты пысықтау жұмыстарын жалғастыруға келісті.