Бүгiн 2026, 12:19 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Alatau City жасанды интеллектпен басқарылатын «ақылды қалаға» айналуы мүмкін

Alatau City-де құны 2,5 трлн теңгеден асатын 53 инвестициялық жоба пулы қалыптасып жатыр. Алдын ала есеп бойынша, бұл жобалар 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз конференциясында «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалада AI, аэротакси және цифрлық активтер дамиды

Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, Конституциялық заң аясында инвестициялық сенім режимі қалыптастырылады. Бұл инвестициялық келісімдердің тұрақтылығын, арнайы құқықтық режимнің басымдығын, лицензиялаудың ерекше тәртібін және «бір терезе» қағидаты негізіндегі тәуелсіз реттеу жүйесін қамтиды.

Конституциялық заң инвестициялық келісімдердің тұрақтылығын, арнайы құқықтық режимнің басымдығын және лицензиялаудың ерекше тәртібін қарастырады. Сондай-ақ “бір терезе” қағидаты негізінде тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі, – деді Әлішер Әбдіқадыров.

Оның сөзінше, салықтық жеңілдіктер тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі. Мұндай жобалар қаланың стратегиялық құжаттарына сәйкес келуі, экономикалық және әлеуметтік тиімділік көрсетуі, экспортқа бағытталуы, инновациялық сипатқа ие болуы және экологиялық талаптарды сақтауы керек.

Alatau City Authority басшысы инвесторларға берілетін барлық жеңілдік пен міндеттемелер ашық түрде жарияланатынын айтты.

Сонымен қатар бюджет саясатына да ерекше назар аударылып отыр. Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болады. Ал қаланың бюджеті блоктық қаржыландыру қағидаты бойынша республикалық бюджет құрамында қалыптастырылады.

Қала қаржылық тұрғыдан толық өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін оның бюджетінен басқа бағыттарға қаражат алуға тыйым салынады. Яғни қалада жиналған барлық салық қаланың әрі қарай дамуына жұмсалады, – деді мемлекеттік қордың басшысы.

Әбдіқадыров жер қатынастары арнайы құқықтық режим аясында реттелетінін де айтты. Ол үшін қаланың жер қоры құрылады. Оның пікірінше, жер алыпсатарлық нысаны емес, экономикалық өсім мен дамудың құралына айналуға тиіс.

Бұдан бөлек, Alatau City әуел бастан Digital by Default қағидаты бойынша құрылып, бірыңғай цифрлық платформа ретінде жұмыс істейді. Қалада AI-driven smart city моделі енгізіліп, жасанды интеллект негізгі қалалық процестерді басқаруға пайдаланылады.

Эксперименттік құқықтық режимдер аясында Alatau City-де жасанды интеллект, роботтандырылған жүйелер, автономды көлік және басқа да инновациялық технологиялар сынақтан өтуі мүмкін. Сондай-ақ цифрлық активтер айналымын реттеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағыт Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге пысықталады.

Негізгі серіктестер мен флагман жобалардың қатарында Joby, AutoFlight, Mars, Pepsi, Hyundai Green Food компаниялары, сондай-ақ биофармацевтика мен білім саласындағы жобалар аталды.

Атап айтқанда, америкалық Joby және қытайлық AutoFlight компанияларымен бірге қалалық әуе мобильдігін дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар кореялық KAIST технологиялық университетінің кампусын ашу мәселесі қарастырылуда. Ол кадр даярлау, ғылымды дамыту, инженерлік құзыреттер мен инновациялық экожүйені қалыптастыру орталығына айналуы тиіс.

Инновациялық жобаларды тиімді қалыптастыру және іске асыру қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, экономикалық өсімді жеделдетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және мемлекеттің технологиялық дамуын күшейтуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Әлішер Әбдіқадыров.