Alatau City-де Iconic Complex құрылысы бастау алды: Жоба туралы не белгілі?
Алматы облысында салынып жатқан Alatau City қаласында Iconic Complex көпфункционалды кешенінің құрылысы басталды. Жоба аясында биік мұнаралар, тұрғын апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы және кеңсе ғимараттары бой көтереді. Кешенді 2029 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылыстың басталу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова қатысты.
Шара алдында құрылыспен айналысатын компания өкілдері Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жобаны таныстырды.
Бұл кешен қаланың болашақ іскерлік ортасының маңызды бөлігіне айналып, заманауи кеңселерді, қонақүй инфрақұлымы мен тұрғын үй нысандарын, қоғамдық кеңістіктерді біріктіреді. Бүгінгі шара Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар Alatau city жобасын іс асыру кезеңінің елеулі қадамдарының бірі. Алатау қаласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында. Президенттің жеке бастамасымен қалада бизнес үшін мүмкіндіктер ашатын және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруды көздейтін арнайы құқықтық режим құрылып жатыр, - дейді Қанат Бозымбаев.
Кешеннің құрамына не кіреді?
Iconic Complex Alatau City қаласының Gateway District іскерлік ауданында орналасады. Барлық нысан шамамен 12,6 гектар аумақты қамтиды.
Кешеннің жалпы жобалық ауданы – 292 350 шаршы метр. Оның жерүсті бөлігінің ауданы 227 350 шаршы метр.
Iconic Complex құрамына биіктігі 272 метрлік T2 мұнарасы, 78 метрлік T1 мұнарасы, сауда орталығы және алты азқабатты кеңсе ғимараты кіреді.
Сонымен қатар жоба аясында қонақүй, тұрғын апартаменттер мен қоғамдық кеңістіктер қарастырылған.
272 метрлік мұнарада не болады?
Кешеннің ең биік нысаны – T2 мұнарасы. Оның биіктігі 272 метр болады. Жоба аяқталғаннан кейін бұл ғимарат Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік нысанға айналуы мүмкін.
T2 мұнарасында кеңселер, қонақүй, 75 апартамент және панорамалық көрінісі бар Sky Club орналасады. Қонақүй 175 нөмірге есептелген.
Ал биіктігі 78 метр болатын T1 мұнарасында 200 апартамент қарастырылған. Әр қабатта террасалар, ғимараттың төбесінде бақ болады. Осылайша, екі мұнарадағы апартаменттердің жалпы саны 275-ке жетеді.
Iconic Complex құрамындағы сауда орталығы 40 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Мұнда дүкендер, супермаркет, мейрамханалар мен кафелер ашу жоспарланған. Сауда нысандары кешен аумағының оңтүстік бөлігінде орналасады.
Iconic Complex кешенінің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) бюросы әзірлеген. Бұл компания Дубайдағы Burj Khalifa ғимаратының жобасымен де танымал.
Жоба сипаттамасында мұнаралардың сатылы пішініне Іле Алатауының жер бедері негіз болғаны айтылған.
Кешен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылмақ.
Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2029 жылдың соңына жоспарланған.
Жоба толық іске асқан жағдайда, Iconic Complex Alatau City қаласының сәулеттік келбетін айқындайтын негізгі нысандардың біріне айналуы мүмкін.