Алатау бүкіл Еуразияның зияткерлік және логистикалық хабы – депутат
Снежанна Имашева жаңа қаланы үлкен жетістік күтіп тұрғанына сенімді.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласының ерекше мәртебесіне қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Алатауды үлкен жетістік күтіп тұрғанына нық сенімді екенін айтты.
Бұл жобаның ауқымы мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бұрын-соңды болмаған деңгейде. Қаланың арнаулы мәртебесі бекітіліп жатыр, Үкіметтің тікелей бақылауы енгізіледі және басым қаржыландыру кепілдендіріледі. Жалпы инвестициялық әлеует 2050 жылға дейін 10 триллион теңгеге бағаланып отыр, оның ішінде алғашқы бір триллион теңгеге жоспарланған жобалар қазірдің өзінде белсенді кезеңге өткен. Жеке конституциялық заңға сүйенетін өзіндік құқықтық база қалыптасады, - деді депутат.
Айтуынша, бұл заң инвесторлар үшін берік құқықтық қорған қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде капитал тек пайда ғана емес, қауіпсіздікті де іздейді. Егер Алатауда АХҚО үлгісіндегідей ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген сот жүйесі жұмыс істесе – ол Лондоннан бастап Сингапурға дейін баршаға түсінікті. Мұндай қадам инвестициялар үшін жаһандық бәсекеде еліміздің позициясын нығайтады. Инвесторлар өздеріне таныс ортада жұмыс істегендей сезінеді. Бұл – Орталық Азияда қауіпсіз инвестициялық айлақ қалыптастыру жолы. Сонымен бірге Қазақстанның егемендігі мызғымай сақталады. Заң Алатау әкімшілігіне айрықша өкілеттіктер береді. Кәсіпкерлер кабинет жағалап, бюрократияның күрделі жолдарында адаспайды, - деді Снежанна Имашева.
Өйткені Алатау Smart-басқару аумағы ретінде ойластырылған: қажетті рұқсаттар, лицензиялар мен сәулеттік жоспарлар «осы жерде және дәл қазір» қағидатымен цифрлық форматта бекітіледі. Болашақта бұл бүкіл ел үшін әкімшілік үлгіге айналуы да мүмкін.
Сонымен қатар Алатау – Орта дәліздің жүрегі. Оның «Бір белдеу – бір жол» бағыты бойында, Алматыға жақын орналасуы – табиғи артықшылық. Арнаулы режим (КТС, ҚҚС және жер салығы бойынша 0%) қазірдің өзінде ірі компанияларды тарта бастады. Жобаны сингапурлық Surbana Jurong компаниясының сүйемелдеуі құрылысқа прагматикалық әрі кезең-кезеңімен қарауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – Алатау адамдар үшін салынып жатыр. Бұл – жаңа буынның әлеуметтік стандарты. Golden District білім беру кластері арқылы әлемдік деңгейдегі білім біздің азаматтарға қолжетімді болады. Жастар үшін ондаған мың жұмыс орны ашылып, олардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалады. Соның арқасында ең үздік мамандар шетелден бақ іздемей, Қазақстанда қалуға ынталанады, - деді ол.
Сондай-ақ депутат осы Конституциялық заңның қабылдануы – жаһандық сын-қатерлерге берген жауабымыз деп атады.
Бүгін біз жай ғана қала туралы емес, бүкіл Еуразияның зияткерлік әрі логистикалық хабын құру туралы айтып отырмыз. Алатау – әрбір қазақстандық отбасының өркендеуі жолында мемлекеттік ерік пен жеке бастаманың тоғысатын нүктесі. Бұл – алдағы ондаған жылға өңірлік көшбасшылықты бекітуге берілген тарихи мүмкіндігіміз, - деді Снежанна Имашева.