+17

Алатау ауданында 8 жаңа мектеп ашылады – Алматы

Алматының Алатау ауданында 8 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Талғат Малыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аудандағы 31 мемлекеттік, 12 жекеменшік оқу орнында 61 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр. Дегенмен, тұрғындардың саны өсіп, мектепке сұраныс артқан сайын, орын тапшылығы да айтарлықтай байқалады. Мәселенің түйінін тарқату үшін Алатау ауданында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 13 мың 250 оқушыға арналған 8 мектеп салынбақ. Қазір Самғау, Теректі, Қарасу аудандарында 2 мың орындық 3 білім мекемесі бой көтерген. Ақбұлақ ықшамауданында да 1500 орындық тағы бір оқу ошағының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ аудан әкімі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту ісінде атқарылып жатқан шаруалар жөнінде айтты. Талғат Малыбаев техникалық тротуарлар салу, жол жөндеу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Алатау ауданының 18 шағын ауданында 172 көшеде ұзындығы 86,4 км орташа жол жөндеу жұмыстары шілде айында басталады. Боралдай шағынауданының ұзындығы 14,3 км 57 көшеде, Рахат, Мәдениет шағынауданында 36,3 км 107 көшеде жаңа жол құрылысы басталды, – деді Алатау ауданының әкімі Талғат Малыбаев.

Аудан әкімі инженерлік инфрақұрылымды салу мен жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Талғат Малыбаевтың айтуынша, биыл жыл соңына дейін Боралдай, Ақбұлақ, Шапағат, Болашақ және Рахат-Мәдениет ықшамаудандарында 23 мың тұрғынды қамтитын 270 шақырым инженерлік желінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Әйгерім ықшамауданында жаңа кәріздік сорғы стансасы пайдалануға беріледі. Аудан әкімі медициналық көмек көрсету де назардан тыс қалмағанын айтты. Былтыр желтоқсанда Қарасу шағынауданында бір ауысымда 200 адам қабылдай алатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы