Алаш зиялыларының тілдік мұрасы: Астанада жаңа ғылыми монография таныстырылды
Алаш зиялылары қандай сөздер мен терминдерді қолданған? Жаңа монографияда ХХ ғасыр басындағы қазақ тілінің ерекшеліктері мен ұлттық терминологияның қалыптасуы зерттелген.
Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында көрнекті тілтанушы ғалымдар Шерубай Құрманбайұлы мен Марлен Әділовтің «Алаш қайраткерлері тілінің ерекшеліктері» атты монографиясының таныстырылымы өтті. Жаңа ғылыми еңбекте ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің қалыптасуы мен Алаш зиялыларының тілдік мұрасы кешенді түрде зерттелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара Ұлттық академиялық кітапхана, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы және Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Таныстырылымға филолог ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Алаш қайраткерлерінің тілі ғылыми тұрғыдан сараланды
Таныстырылымды монография авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы ашты. Ал PhD, түркітанушы ғалым Марлен Әділов еңбектің мазмұны мен негізгі ғылыми тұжырымдарын таныстырып, зерттеудің мақсаты, дереккөздері және нәтижелері туралы баяндады.
Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов, ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Қаныш Бибеков, Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл және басқа да ғалымдар сөз сөйледі.
Пікір алмасу барысында ғылыми зерттеулердің нәтижесін қоғам игілігіне жарату, Алаш зиялыларының тілдік мұрасын зерделеу және оның қазақ ғылымының қалыптасу тарихындағы орны талқыланды.
Кітапта қандай мәселелер зерттелген?
Монография ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдеби тілінің қалыптасу және даму ерекшеліктерін, Алаш қайраткерлерінің ғылыми, публицистикалық, оқу-ағартушылық еңбектері мен аудармаларындағы тілдік қолданыстарды зерттеуге арналған.
Зерттеу аясында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ғұмар Қараш, Телжан Шонанұлы және өзге де Алаш қайраткерлерінің жазба мұралары қарастырылған.
Авторлар сол кезеңдегі мәтіндерде кездесетін, қазіргі әдеби тіл тұрғысынан өзгеше саналатын фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерді талдаған. Атап айтқанда, зерттеуде:
- көнерген және қазіргі тілде сирек қолданылатын сөздер;
- мағынасы өзгерген лексемалар мен аймақтық қолданыстар;
- ортақ түркі жазба тіліне тән тілдік элементтер;
- жаңа атаулар, авторлық қолданыстар және төл терминдер;
- араб-парсы және орыс тілдерінен енген сөздер;
- көне грамматикалық тұлғалар қамтылған.
Тілдік деректер тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеліп, олардың шығу негізі мен қолданылу ерекшеліктері түсіндірілген. Сонымен қатар Алаш қаламгерлерінің тілдік қолданыстары көне және орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерімен, қазіргі түркі тілдері мен сөздіктеріндегі деректермен салыстырылған.
Алаш мұрасы ұлттық терминология тарихымен сабақтастықта қарастырылды
Монографияның маңызды бағыттарының бірі – Алаш қайраткерлері ұсынған атаулар мен терминдердің жасалу жолдарын, мағынасы мен этимологиясын анықтау. Бұл олардың қазақтың ұлттық терминологиялық қорының қалыптасуына қосқан үлесін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеуде ортақ түркі әдеби тілі дәстүрінің, ауызекі сөйлеу тілі мен өңірлік тілдік ерекшеліктердің жазба тілдегі көрінісі де талданған. Сондай-ақ тарихи грамматикалық тұлғалардың қазіргі қазақ әдеби тілімен сабақтастығына назар аударылған.
Еңбектің ғылыми маңызы – Алаш зиялыларының тілін жекелеген сөздер мен грамматикалық тұлғалар деңгейінде ғана қарастырмай, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің қалыптасуы, стильдік тармақтарының дамуы және ұлттық терминологияның жасалу үдерістерімен байланыстыра зерттеуінде.
Ғылыми жоба аясында жарық көрді
Монография Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан AP23487260 «Алаш қайраткерлері және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің тарихы» ғылыми жобасы аясында дайындалған.
Авторлардың пікірінше, мұндай зерттеулер Алаш зиялыларының қандай сөз қолданғанын ғана емес, олардың ғылыми ұғымдарды қалыптастыру ерекшеліктерін, ұлттық ойлау жүйесінің дамуын және қазақ қоғамының рухани жаңғыруына қосқан үлесін тереңірек тануға жол ашады.
Таныстырылым соңында қатысушылар жаңа еңбектің маңызы жөнінде пікір алмасып, авторларға сұрақтар қойды. Ғылыми талқылау барысында монографияны оқу үдерісінде және алдағы зерттеулерде пайдалану мүмкіндіктері де сөз болды.
«Алаш қайраткерлері тілінің ерекшеліктері» монографиясы қазақ тілінің тарихын зерттеушілерге, алаштанушыларға, түркітанушыларға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына арналған. Еңбек ұлттық жазба мәдениеттің қалыптасу тарихын тереңірек түсінуге және Алаш мұрасын ғылыми тұрғыдан жүйелі зерделеуге үлес қосады.