«Алаш жылнамасы» оқырманға жол тартты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтық көзқарасымыздың қалыптасуына үлкен әсер етті. Алаш ұлттық ойлаудың, елдік мүдденің негізгі ұстындарының бірі.

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли  Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Журналистикада жүрген кезімізде де, мемлекеттік қызметке ауысқан соң да Алашты қал-қадірімізше зерделеуді тоқтатқан емеспіз. 2008 жылы «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубын ашып, алаштанудың мәселелерін үздіксіз талқылап тұрдық. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына орай өмірі мен қызметі туралы деректі фильм түсірдік. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында қызмет еткен кезімізде Алаштың 95 жылдығын республикалық деңгейде атап өттік, - деді ол.

Ол сонымен қатар, Жамбыл облысында жүргенінде Алаштану мәселелері туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгендерін айтты.

2016 жылы Алаш қайраткерлерінің қанатты сөздерін жинақтап, Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлымен бірге «Алаш айтқан асыл сөз» кітабын құрастырдық. 2017 жылдан бері артымыздан ерген алашшыл бауырларымызбен бірге «Беймәлім Алаш» деректі фильмдер циклін түсіріп келеміз. Ұлтқа атқарған қызметі артық болса да, аты сирек аталатын Алаш арыстарын ағайынмен қауыштыруға тырыстық. Деректі фильмдер циклінің 12 бөлімі түсірілді. Аманшылық болса, бұл жоба «Qazaqstan» ұлттық арнасынан әлі де жалғасын таппақ. Алаштың елеулі даталарын бір жинаққа топтап жылнама жасау көптен ойымызда жүрген. Сондықтан бірнеше жылдан бері оқыған кітаптарымыз мен алаштану саласындағы еңбектерден жинақтап осы кітапты құрастырып шықтық. Алла қаласа, алда әлі де бұл бағытта шамамыз жеткенше қызмет жасаймыз. Ел аман болсын! «Алаш жылнамасы» алаштың кәдесіне жараса, біздің мақсаттың орындалғаны, - деп жазды Берік Уәли.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы