Алаш қайраткерлеріне қатысты тың материалдар табылды
Биыл ЮНЕСКО аясында мерекеленіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы Түркістан қаласында жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Халықаралық түркітанушылар конгресінің бағдарламасына сәйкес Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Башқұртстан және еліміздегі белді университеттердің белгілі ғалымдары баяндамалар оқиды.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдеріндегі таңдамалы шығармалары мен Ұлт ұстазының 12 томдық жинағы көпшілік назарына ұсынылады, А.Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің шетел архивтерінен, кітапханалардың сирек қолжазбалар қорынан алынған материалдары бойынша әзірленген жинақтың тұсаукесері өткізіледі.
Ресей, Өзбекстан, Татарстан елдерінің архивтерінде жүргізілген бұл іздестіру жұмыстары барысында Алаш қайраткерлеріне қатысты тың деректер, құжаттар мен фотокөшірмелер табылғанын атап өткен жөн.
Мәселен, Н.П.Анненкова-Бернардың А.Байтұрсынұлына арнаған «Бекет» пьесасы және төтемен жазылған шығармалар, Алаш қайраткері М.Саматұлының редакциялығымен Мәскеуде 1936 жылы жарық көрген «Казахстан в цифрах» (Краткий статистический справочник за 1920-1936 гг) еңбегі, Д.Ысқақұлының аудармалары, «Учебник казахского языка для русских школ (7-8 класс)/ Orьs mektepterine qazaq tili – oquvlьqь. 7-8 kilas ycin» оқу құралы, сол уақыттағы қазақ мәдениеті мен өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, тарихына қатысты басқа да материалдар табылды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес халықаралық түркітанушылар конгресі 16 қарашада Түркістан қаласында өтеді.
Аталған жоспар аясында биыл «Қазпошта» АҚ мерейтойлық 2 миллион пошта маркаларын әзірлеп, қолданысқа шығарса, Ұлттық банкі «AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.
Номиналы 100 және 500 теңге монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастыратынын атап өткен жөн.