Алар Карис: Қазақстан мен Эстонияны терең мәдени және гуманитарлық байланыстар біріктіреді
Астана Операдағы ресми шарада сөз сөйлеген Эстония Президенті Алар Карис Қазақстан мен Эстонияны тарихи, мәдени және гуманитарлық тұрғыдан байланыстыратын маңызды жайттарға тоқталды. Ол мәдени ынтымақтастық, тарихи жады және халықтар арасындағы достықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл сапардың едәуір бөлігі мәдениетке арналды. Біздің елімізде 2025 жыл ресми түрде “Эстон кітабы жылы” болып белгіленді, себебі эстон тіліндегі алғашқы кітаптың шыққанына 500 жыл толды. Тіліміз – біздің мемлекетіміздің, ғылымымыздың, мәдениетіміздің, біліміміздің өзегі. Мен Ұлттық академиялық кітапханада осы мерейтойға арналған көрмені және Эстон әдебиетінің бұрышын ашқанымызға қуаныштымын. Бұл Қазақстандағы оқырмандарға Эстония және біздің тіліміз туралы білуге тамаша мүмкіндік береді, – деп айтты Эстония Президенті Алар Карис.
Президент мәдени алмасудың жалғасып жатқанын атап өтіп, Астанада ашылған тағы бір көрме туралы айтты.
Сонымен қатар, біз Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде “Қолмен өрілген қолғап сыры” көрмесін аштық. Бұл көрме күнделікті киімнің ұлттық бірегейліктің элементі және ұлттық өрнектер мен қолөнер бұйымдарының дәстүрлерін сақтау мен насихаттаудың құралы бола алатынына назар аударады. Бұл көрмелер Қазақстан халқына эстон мәдениетін тереңірек тануға және елдеріміз арасындағы байланыстарды түсінуге жол ашады деп сенемін. Болашақта музыка, әдебиет, кино және дәстүр салаларында да мәдени алмасуларымызды жалғастыруға үміттенеміз, - дейді ол.