"Алаңдаушылық бар". Үкімет басшысы жылу орталықтарының жұмысын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі  жылу орталықтарының жөндеу жұмыстарына көңілі толмады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір – алдағы жылыту маусымына дайындықтың нағыз қызған шағы. Жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын. Алайда, жылу объектілеріндегі жөндеу мерзімдерінің сақталмауы алаңдаушылық туғызып отыр. Мәселен, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші Жылу орталығындағы №2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары сәуір айынан бері басталмай тұр. Ондағы турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалуы мүмкін, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы кейінге қалған тағы бірнеше нысанды атады.

13-ші мамырда басталуға тиіс болған Тараздың 4-ші Жылу-электр орталығындағы №1-ші турбинаны жөндеу жұмыстарынан да әлі күнге мардымды хабар жоқ.  Ал, Жезқазғандағы Жылу-электр орталығының   №5-ші қазандығы маусым айынан бастап қана жөндеуге қойылды. Жеке жабдықты жөндеу жұмыстарын тіпті жыл соңында ауыстыру жоспарлануда. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Еліміздің барлық өңірінен келтіруге болады, – деді ол үкімет отырысында.

Бектенов мұндай жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырғанын еске алып, әкімдіктерге жұмысты күшейту қажетін айтты.

Бірақ оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген.  Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған, – деді Үкімет басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы